Аягөзде ұрлық үстінде ұсталып қалған ер адам үй иесінің басына кірпіш лақтырған

128
көрілім

Аягөз қаласындағы көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінің балконына кірген ер адам ұрлық жасамақ болады. Алайда үй иесі оны көріп қалып, ұстап алмаққа бел байлаған. Қаша жөнелген еркек өзін қуып келе жатқан азаматтан құтылу үшін жерден кірпіш алып, оның басына қарай лақтырады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тұрақты жұмыс орны болмаған Қанат Ахметбеков (аты-жөндері толықтай өзгертілген) заңсыз жолға түскен. Жымысқы ойын іске асыру үшін 59 жастағы еркек Ақанаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінің балконына кіреді. Сөйтіп ол 20 000 теңгеге бағаланған ағаш кесетін электр құралды, 1500 теңгелік 5 келі күрішті және 3000 теңге тұратын сөмкені жасырын жымқырып алған.

Пәтерде қаннен-қаперсіз отырған үй иесі Сәкен балконда жүрген белгісіз біреуді көріп қалады. Дәл ұрлықтың үстіне түскен ол ұрыны қолға түсірмек болған. Өзіне қарай жүгіріп келе жатқан үй иесін көзі шалған Қанат дереу қаша жөнеледі. Ұрланған дүние-мүлікті қолына алып зыр жүгірген ер адам, соңынан қалмаған Сәкеннен құтылу үшін тоқтай қалып жерде жатқан кірпішті алады да оның басына қарай лақтырады. Сөйтіп қылмыстық әрекетін аяғына дейін жеткізген еркек оқиға орнынан тайып тұрған.

Осыған байланысты сот ісі Аягөз аудандық сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді. Ал өзіне 24 500 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген жәбірленуші болса, сотталушыны кешіретіндігін айтты.

– Сағат 15.30-дар шамасында балконға түскен біреуді көріп қалып қуалай жөнелдім. Қашып кетпек болған ол маған бір рет жұдырығымен соққы жасап, жерде жатқан кірпішті басыма қарай лақтырды. Қазіргі уақытта Қанат менің қаржылай шығындарымды толық өтеп берді, – деп жауап берді Сәкен Абайдильдин.

Сот үкімі бойынша айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы, 2-бөлігінің 1,4-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 11 ай мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар Қанат Ахметбеков 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ