Аягөздегі төрт баланың өлімі неден болған?

771
көрілім

ШҚО прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының басшылық етуімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Аягөз қаласында орналасқан арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленушілердің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тергеу барысында эксгумация және екі комиссиялық сот-медициналық сараптамасы жүргізілді. Комиссия құрамына балалар инфекционисті, кардиолог, анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, педиатр, Нұр-Сұлтан қаласынан гистолог-сарапшылар және Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау комитетінің мамандары қатысқан.

Сараптама қорытындысына сәйкес балалардың өлімі өкпе фиброзы, екі жақты іріңді бронхолық пневмония сияқты жанама аурулардың салдарынан болған.

Шынымен, мәйіттерді тексеру барысында үш балада осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған дене жарақаттары анықталды, алайда аталған дене жарақаттарының балалар өлімімен байланысы жоқ.

- Осыған байланысты, ауыр дене жарақаттарын алу фактісі бойынша қылмыстық істер бөлек өндіріске шығарылып, ары қарай тергеу үшін Полиция департаментіне жолданған, - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.

Қазіргі уақытта Тергеу басқармасымен аталған дене жарақаттарын алу жағдайын анықтауға бағытталған қосымша шаралар қабылдануда.

- Арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленушілерге тиісті медициналық көмек көрсетпеу фактісі бойынша қылмыстық іс арнайы прокурорлармен сотқа жолданған. Өзге ақпараттар ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, - делінген мәліметте.