Аягөздік полицей өртеніп жатқан үйден әжені алып шыққан

8329
көрілім
Шартты фотосурет

Аягөз АПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Айбек Бурмантаев өзіне бекітілген әкімшілік аймақта жиі тексеріс жүргізіп, тұрғындар қауіпсіздігін қадағалап келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп сақшысы әсіресе Шәкенов көшесі 67 мекенжайына жиі соғатын көрінеді.

– Қытымыр қыста үйі жылусыз қалып, иіс тиіп немесе көк мұзда құлап далада үсіп қалу сияқты, оқыс жағдайлардың алдын алғысы келген полицей күнделікті қарт әженің қал жағдайын біліп жүреді. Оған себеп, 2020 жылдың желтоқсан айында шамамен 20.30 кезінде өзіне бекітілген әкімшілік аумақта профилактикалық шаралар жүрізіп жүрген ол, өтіп бара жатып Шәкенов көшесіндегі үйлердің бірінен қара түтін шығып жатқанын байқаған, – дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Бұдан соң Айбек ойланбастан үйге кіріп, түтін тұмшалаған бөлмелердің бірінен ұйықтап жатқан әжейді дереу оятып, далаға алып шыққан. Сексеннің тоғызын толтырған қарттың айтуынша, пештегі ақаудан бірнеше күн бойы от дұрыс жанбай, бықсыған.

– Соңы бәлкім, қайғылы болуы мүмкін еді, алайда оқиға орнына уақтылы жеткен тәртіп сақшысына қарт әжейдің айтар алғысы шексіз, – делінген мәліметте.