Айбек Нұғымаров: Билік өз тарапынан барлығын жасауда, біз де дертті алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауымыз керек

413
көрілім
Фотосурет skt.kz сайтынан

Қазақ күресінен мүмкін болатын жүлденің барлығын иеленген апайтөс палуан Айбек Нұғымаров облыс әкімі Даниал Ахметовтың коронавирус індетіне қатысты өткізген онлайн-конференциясына ойын білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Әлемнің барлық түкпірін шарпыған індет біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Кеше облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы COVID-19 бойынша өткен онлайн-конференцияда айтқандай, алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынғанымен қауіпті дерт облысымыз бойынша белең алуда. Өйткені үкіметтің қаулыларында көрсетілген нұсқаулар мен тыйымдарға құлақ асып, сақтық шараларын мұқият орындамаған адамдардың саны жетерлік. Осы орайда Даниал Ахметов сәуір мен мамыр айларында қатаң қауіпсіздік шараларын қолданғандықтан өңірімізде короновирустың таралуын тежеу мүмкіндіктері болғандығын айтты. Демек, көп нәрсе өзімізге байланысты. Сақтық шараларын мұқият орындау өзге үшін емес, ең әуелі өзіміз бен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет екендігін есімізде сақтайық. Өйткені алапат індет ешкімді аямайтынына көзім жетті. Аталған індет мені де айналып өткен жоқ. Бұл өте қауіпті дерт. Осы ретте медицина қызметкерлерінің еңбегіне баға жетпейді, мұны қазіргі уақыт айқын көрсетіп отыр. Өз басым дәрігерлер мен жергілікті атқарушы биліктің өзара іс-қимылының нақты жүйесі құрылғандығын байқадым, әзірленген алгоритмдер сауығып шығуыма өзіндік үлесін қосты. Ең бастысы облыс басшысы конференцияда барлық қалалық және аудандық ауруханаларда қарқынды терапия палаталары дайын және медициналық мекемелер қажетті жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілгендігін мәлімдеді. Билік өз тарапынан барлық шараларды жасауда, біз де өз кезегімізде салған тыйымдарға бағынып, дертті алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет, – деді Айбек Серікболұлы.