Айбек Нұғымаров Әлем Барысына қатысуға әзір

719
көрілім

Қазақ күресінен төрт дүркін Әлем чемпионы, жерлесіміз Айбек Нұғымаров кезекті мәрте «Әлем барысы» халықаралық турнирінде ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жетістігі бір басына жететін жерлесіміз бұл жолы екі дүркін Әлем Барысы есебінде бозкілмге беттемек. Әлемдік додаға қатысатындығы жайлы ресми мәліметті өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазып, сайысқа тастүйін дайын екендігін жеткізді. Естеріңізде болса, Абай ауданының тумасы Айбек Серікболұлы ақтық сында грузин елінің маңдайына біткен, қазірде дзюдодан 100 келіден жоғары салмақта әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған Гурам Тушишвилиден басым түсіп, ел мерейін асырған болатын. Дегенмен бұл жолы қарсыластар өзгеріп, қай-қайсысы болсын, сақадай сай әзір келетіндіктері белгілі. Өз кезегінде жерлесіміз де осыған дейін бірнеше сапалы оқу-жаттығу жиындарын өткізгендігін айта кетейік.

Жыл сайынғы жарыс желтоқсанның 2-сі күні Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтпек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ