Айдын Рахимбаев туған жеріне көмек көрсетті

1429
көрілім

20 шілде күні Көкпекті ауданына белгілі меценат, атақты жерлесіміз Айдын Рахимбаев жіберген 10 оттегі аппараты мен 11 миллионның дәрі-дәрмегі жеткізілді. Қиын-қыстау кезеңде туған елімен бірге екенін ісімен көрсетіп отырған жомарт жүректі жерлесіміздің өкілі Марат Корпеканов Көкпекті және Самар ауылдарына аталған көмекті жеткізіп, аурухана қызметкерлеріне тапсырды.

«Bi Group» құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаевтың бастамасымен құрылған «Бірлік» қоғамдық қоры арқылы коронавирус індетімен күресу үшін 1 мың оттегі аппараты барлық республика аумағына тегін таратылады. Оның ішінде 100 аппарат Шығыс Қазақстан облысына бағытталса, 10 аппарат кәсіпкердің жерлестеріне жіберген көмегі.

Аудан әкімі Асхат Смаилов барлық көкпектіліктердің атынан Айдын Рахимбаевқа індетпен күресте елеулі үлес қосып, туған жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін білдіріп отырғаны үшін алғыс айтты.

– Аталңан құрылғылардың қауіпті індетпен күресте мүмкіндігі зор. Оттегі аппаратының көмегімен науқастарға дер кезінде жәрдем көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз. «Ер – туған жеріне» деген қасиетті ұғымды ұстанған жерлесіміз Айдын Рахимбаевқа ризашылығымыз шексіз, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Әсем Рахимбаева.

Оттегі жабдығының 4 данасы аудандық орталық аурухананың провизорлық стационарына берілді. Қазір онда коронавирус жұқтырған науқастар емделуде Тағы 4 аппарат Самарға, екеуі Құлынжон ауылына жолданды.

Айта кетейік, бұған дейін жергілікті кәсіпкерлер көмегімен 9 оттегі концентраты алынса, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы Көкпекті ауданына тағы да 10 оттегі аппаратын бөліп отыр. Қазіргі күні аудан ауруханалары 29 оттегі концентраты және 5 өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтылған.


 

Дархан БЕРДІБЕК