Азамат Дәулетбеков Азия чемпионы атанды

508
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Семейлік палуан шешуші сында үш дүркін Әлем чемпионатының жүлдегері атанған Иран елінің спортшысын ұтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Астанада сәуірдің 9-14 күндері өткен дүбірлі дода сайыс қожайындары үшін сәтті аяқталды. Ең соңғы болып еркін күрес шеберлері жарыс жолына шықты. 61, 65, 97 келіні қоспағанда, барлығы жүлде алды. Соның ішінде 86 келіге дейінгі салмақта семейлік Азамат Дәулетбековтің күресін атап өтуге болады. Жерлесіміз былтыр Әлем кубогі мен жаһандық жарыстың қоласын, Азия чемпионатының алтынын алған еді. Биыл да құрлық көлемінде теңдессіз екенін дәлелдеді. Жартылай финалда өзбек палуаны Бобур Исломовты 10:0 есебімен ұтып, финалда Олимпиада чемпионы және күміс жүлдегері Хасан Язданиден кейінгі мықты Алиреза Каримимен жолықты. Каримидің күші басым болғанмен, Дәулетбеков жылдамдығымен қапы қалдырып жүрді. Қарсы шабуылда артқа шығып, 4:1 есебін соңғы секундтарға дейін ұстап қалды.

Бұдан бөлек, Санжар Досжанов (70 келі), Дархан Есенғали (74 келі), Болат Сақаев (79 келі) алтын алса, Ризабек Айтмұхан (92 келі) мен Юсуп Батырмурзаев (125 келі) күміс, Рахат Қалжан (57 келі) қола медаль иеленді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ