«Баға қою – мұңға айналды»

613
көрілім

Үржар ауданындағы Ақшоқы орта мектебі ауылға ғаламтор желісі тартылмаса да kundelik.kz жүйесіне көшкен

Газет редакциясына Үржар ауданынан хабарласқан оқырманымыз Ақшоқы ауылындағы орта мектептің 2017 жылдан бастап kundelik.kz жүйесіне көшкендігін айтты. Алайда оның сөзіне сенсек, бұл ауылда ғаламтор желісі мүлде ұстамайды. Соның салдарынан мектеп ұстаздары оқушыларға баға қою үшін көрші ауылға баруға мәжбүр көрінеді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін аудандық әкімдікке ресми сұраухат жолдаған едік. Үржар ауданы әкімі аппаратының басшысы Найманғазы Қараталовтың айтуынша, аталмыш мектепке ғаламтор желісі тартылған.

Редакциямызға қоңырау шалған Үржар ауданының тұрғыны Қаракөз Сапарбекова (аты-жөні өзгертілген) осыдан бір жыл бұрын Ақшоқы ауылындағы орта мектептің өңірдегі басқа білім ордалары сияқты kundelik.kz жүйесіне көшкендігін жеткізді. Бірақ оның сөзіне сенсек, бұл ауылда ғаламтор желісі ұстамайды.

– Ауылымызға ғаламтор желісі тартылмаған. Бірақ соның өзінде балаларымыз білім алатын Тұрағұл Қоңыр атындағы мектеп kundelik.kz жүйесіне ауыстырылды. Жаңа жүйеде мұғалімдер оқушыларға бағаны электронды түрде қояды. Ал ата-аналар балақайларының сабақ үлгерімін көру үшін kundelik.kz сайтына кіруі қажет. Сонда елді мекенде ғаламтор ұстамаса, біз не істеу керекпіз? Алдымен осы мәселені шешу керек қой. Мұғалімдерге тіпті баға қою үшін көрші ауылға баруға тура келеді, – дейді Қаракөз Сапарбекова.

Қазіргі уақытта Ақшоқы ауылындағы орта мектепте 1-11 сынып аралығында – 138 оқушы білім алуда. Ал мектепалды даярлық тобында – 19, балабақшада – 45, шағын орталықта – 45 тәрбиеленуші бар екен.

2020 жылы тартылмақ

Мәселенің мән-жайын зерделеу үшін Үржар ауданы әкімдігіне хат жолдадық. Ресми түрде жазбаша жауап қайтарған аудан әкімінің аппарат басшысы Найманғазы Қараталовтың хабарлауынша, Тұрағұл Қоңыр атындағы мектеп ғаламтор желісімен қамтамасыз етілген.

– Ғаламтор желісін тарту үшін бюджеттен 2017 жылы 374 мың теңге қаржы бөлініп, «Satlink» ЖШС-мен келісім шарт жасалынып, спутниктік тарелка құрылғысы орнатылды. 2018 жылы бюджеттен 2149,160 мың теңге бөлініп, қосымша 2 спутниктік тарелка іске қосылған. Бүгінгі күні 3 спутниктік тарелка, мектепті 4МБ/сек дейін жылдамдықтағы ғаламтор желісімен қамтамасыз етуде. Мектепте 2017, 2018 жылдары ғаламтор толыққанды жұмыс жасап, kundelik.kz-ті пайдалану ешқандай қиыншылық туғызған жоқ. Мектеп 2017 жылдан бастап kundelik.kz пилоттық жобасына қосылып, жұмыс істеуде, – дейді Найманғазы Сейіткеұлы.

Үржар ауданының әкімшілік-аумақтық құрамындағы 27 ауылдық округте 55 елді мекен бар. «Қазақтелеком» компаниясының мәліметіне сәйкес, ғаламтор желісі 9 ауылға тартылмаған (Подгорный, Қызылжұлдыз, Бургон, Сегізбай, Бұғыбай, Қарабұта, Қызылбұлақ, Бақты, Барлықарасан), 38 ауылда ғаламтор желісінің жылдамдығы төмен (1 Мбит/с дейін), 8 ауылда ғаламтор жылдамдығы жоғары (4 Мбит/с дейін) және ірі елді мекендер (Үржар, Мақаншы, Таскескен) талшықты оптикалық ғаламтор желісімен қамтылған. «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасына Үржар ауданынан 15 ауылдық округ қосылыпты (Алтыншоқы, Барқытбел, Бақты, Бестерек, Егінсу, Елтай, Жоғарғы Егінсу, Қабанбай, Қарабұлақ, Қарақол, Қаратұма, Келдімұрат, Көкөзек, Көлденең, Шолпан ауылдық округтері).

– Ақшоқы ауылына ғаламтор желісі 2020 жылы тартылады, – дейді Найманғазы Қараталов, – 2017-2018 оқу жылында Kundelik.kz пилоттық жобасымен аудан бойынша 35 мектеп жұмыс істеген. 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қалған 16 білім ордасы қосылып, аудан мектептері 100% осы жүйеге көшірілді.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ