Бағасы өсті

362
көрілім

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірімізде кеңсе тауарлары мен мектеп сөмкелерінің бағасы біраз көтерілді. Бұл облыстық Статистика департаментінің маусым-шілде айларына арнап жасаған салыстырмалы талдауында белгілі болды.

Статист мамандардың айтуынша, маусым айымен салыстырғанда шілде айында өңірімізде құрылыс материалдарының бағасы сәл-пәл көтерілген екен. Оның ішінде бағасы ең көп, яғни 3,6 пайызға көтерілген тұсқағаздар болды.

Сонымен қатар оқушы құрал-жабдықтарының да бағасы бірқатар өсті. Атап айтсақ, оқушының арқа сөмкесі 2,3 пайызға қымбаттады.

Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласында баға өсімін ең көп сезген облыс орталығының тұрғындары болды. Мұнда суық судың бағасы 13 пайызға өссе, кәріз жүйесіне төленетін ақы 1,8 пайызға артты.

Бұдан басқа жолаушылар пойызы мен әуе рейстері билетінің бағасында да өсім байқалады. Жол мұратын мақсат еткен жолаушы үшін бұдан былай пойыз билетін 1,8 пайызға, ал ұшақ билетін 3,3 пайызға артық төлеп, сатып алуға тура келмек.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ