Бала санына байланысты ма?

688
көрілім

- Қаладағы мектептердің біріндегі шағын орталықта көмекші-тәрбиеші болып істеймін. Топта 12 бала бар. Жалақым өте мардымсыз, бар-жоғы 21 мың теңгені ғана құрайды. Осы мәселемен аудандық білім бөліміне жүгінген кезде ондағы экономист маман "жалақың топтағы балалар санына байланысты" деп жауап қайтарды. Білгім келетіні, шағын орталықтардағы көмекші-тәрбиешілердің жалақылары топтағы бала санына қатысты есептеле ме? Бұл қағида қандайда бір заңнамалық құжатпен бекітілген бе?

Зайсан ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмәділова жауап берді:

- Шағын орталықтардағы тәрбиешілердің көмекшілері ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі" бұйрығының 2 тарауы "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін есептеу алгоритмі" негізінде анықталады, - дейді лауазымды тұлға. - Жалпы осындай қызметтегі педагог мамандардың жалақысы Қазақстан Республикасы үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысы негізінде анықталады.

Басқарма өкілінің айтуынша, шағын орталықтар тәрбиешілері мен олардың көмекшілерінің орташа жалақысы еңбек өтіліне, білім және біліктілік санатына қарай әртүрлі болатын көрінеді. Тәрбиешілердің орташа жалақысы 55 820 теңгені, ал тәрбиеші көмекшілерінің орташа жалақысы 44 961 теңгені құрайды.

- Тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің жалақыларының жоғарлауы еңбек өтілі өскенде, егер білімін жоғарлатқаны туралы диплом, тағы басқа құжаттар мен біліктілік санатын алғанда өзгереді. Тәрбиешілер мен олардың көмекшілері "Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 17 қазандағы №530 бұйрығына сәйкес, бірінші, екінші санаттарына ие бола алады, - деп қосты басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Құзырлы мекеме өкілінің берген жауабына сенсек, шағын орталықтардағы көмекші-тәрбиешінің жалақысы топта тәрбиеленетін бала санына байланысты емес. Демек, өзіне тиесілі жалақыны толық көлемде ала алмаған шағын орталықтар мен балабақша қызметкерлері өзі жұмыс істейтін мекеменің басшысына немесе заң органдарына жүгініп, шағым түсіруіне болады.