Бас прокуратура: «Bek Air» ұшағының апаты бойынша 300-ге тарта адамнан жауап алынды

317
көрілім

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов «Bek Air» әуе компаниясының ұшағының апатқа ұшырауы фактісі бойынша 300-ге тарта адамнан жауап алынғанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

- Әуе кемесі апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 14 сараптама тағайындалды. 300-дей адамнан жауап алынды. Солардың толық қорытындысын жасағаннан кейін, нақты қалай болғанын, кім кінәлі екенін, қандай кемшіліктер анықталғаны белгілі болады, - деді Марат Ахметжанов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар тілшілер «Бек Эйр» әуе компаниясының өкілдеріне қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасын қаралды ма?» деп сұрады.

- Ондай шара қаралған жоқ. Өйткені әлі де сараптама мен тергеу амалдары жүріп жатыр. Нақты мән-жай анықталғаннан кейін ғана тиісті шешімдер қабылданады, - деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Алматы-Нұр-Сұлтан» рейсін орындамақ болған «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақ Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Салдарынан 12 адам қаза тапты, 69 жолаушы зардап шекті, оның 9-ы – балалар.

10 қаңтар күні елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырау себебінің басты нұсқасын атады.

Сондай-ақ пилоттардың өзара әңгімесінің хронологиясын жариялады.