Бас санитарлық дәрігер Зайсандағы ахуалға қатысты пікір білдірді

66
көрілім

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Зайсандағы ахуалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

- Біздің жерлестеріміздің біразы Оңтүстік Кореяға емделуге барады. Олардың иммунитеті төмен болуы мүмкін. Бұл елдердің халық тығыздығы жоғары. Сингапур, Гонк-Конг, Тайваньда осындай. Әрине бұл өте қауіпті. Осы елдерге баруды жоспарлаудың қажеті жоқ. Бізді сондай-ақ алаңдататын – Италия елі. Қазіргі таңда онда 144 жағдай бар. Италияның солтүстігінде Миланда көптеп тіркелуде. Тек ресми алынған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, осы елдердің Денсаулық сақтау министрліктерінің мәліметінен басқа БАҚ-ты біз пайдаланбаймыз, - деді ол.

Жандарбек Бекшин бұл ретте елімізде жағдай тұрақты екенін жеткізді.

- Өткен аптада мен ҚХР-мен шекараны аралап, автокөліктік, темір жол өткелдерін қарап шықтым. Ол жерде нақты бақылау бар. Бақылауды күшейтіп, біз санитарлық 20 дәрігерді қосымша қостық. Сондықтан тәулік бойы шекарамыз тексеруде. Бізде ҚХР-дан автобуспен, темір жолмен, ресми түрде әуе жолымен қазір келіп жатқан жолаушылар жоқ. Осыған қарамастан қайталап айтқан елдерді нақты бақылауға алдық. Басқа елдерде коронавирус өршіп барады. Ол елдерден келушілердің келуіне кедергі қойып жатырмыз. Әрбір ұшақ бақылауда, - деді ол.

Жандарбек Бекшин сонымен қатар, Шығыс Қазақстанда, соның ішінде Зайсан өңірінде коронавирус жұқтырмақ түгілі ондай күдікке ілінген ешқандай адамның ауруханаға жеткізілмегенін ресми түрде мәлімдеді. Сонымен қатар, бас санитарлық дәрігерге Зайсанда жұмыс істейтін Қытай азаматтарына қатысты сұрақ қойылды.

- Ол азаматтар өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әлбетте олар өз лагерінде, яғни тұрғылықты жерде емес, қала сыртында жұмыс істейді. Егер олар қайтып келсе, олар өз жақтарындағы лагерьде 14 күндік карантиннен өтеді. Кейін келген 4 адам бар. Олардың карантиндері бүгін аяқталады. Ешқандай арыз-шағым жоқ. Жағдай бақылауда, - деді ол.