Баспана кілтін табыстады

195
көрілім

Наурыздың 20 күні Аягөз қаласында тасқын судан зардап шеккен отбасыларының алғашқы легі баспана кілтін алды. ШҚО әкімі Даниал Ахметов ауданға арнайы келіп, сатып алынған үйлерді аралап, жеке өзі тексеріп шықты. Халықтың қуанышына ортақтасқан аймақ басшысы тартуын да жасап, әр шаңыраққа теледидар табыс етті.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тасқын су тығырыққа түсірген отбасыларға 49 млн 500 мың теңгеге 12 үй сатып алынып, құжаттары ресімделді. Отбасыларға баспана кілтін өңір басшысы өз қолымен табыс етті.

– Мен келгенде 8 үйдің іргесі құлап жатқан. Тағы 10 шақты баспана бұзылып тұрған болатын. Қазір олар да қирап қалды. Комиссия жұмысының қорытындысы 40 шақты баспананы апатты жағдайда деп таныды. Ол үйлердің иелеріне де ақшалай демеу көрсетіп, баспана береміз, – деді Даниал Ахметов.

Айта кету керек, ауданға бүгінде 34 млн 255 мың теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілді. Сонау Атырау, Алматы, Павлодар облыстарынан да азық-түлікпен қатар, құрылыс материалдары жеткізілді. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстанның «Парыз» қорынан жолданған 100 млн теңгені қосқанда «Аягөз Болашақ» ҚҚ 169 млн теңге қаржы түсті.

- Сіз, су тасқыны басталғалы бері екінші рет келіп тұрсыз. Бір апта ішінде талай шаруа тындырылды. Жұртшылық та куә. Үй-жайын су басқандардың көңіл-күйі жақсы. Бәріміз жылап жүр едік, қазір күліп жүрміз. Жан-жақтан азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары келіп жатыр. Мың да бір рахмет! – деді апаттан зардап шеккен Аягөз қаласының тұрғыны Меруерт Дауытбаева.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ