Баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі

261
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық несиелендіру бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Атап айтсақ, бүгінгі таңда облыстық бағдарлама аясында Өскемен, Семей, Курчатов қалалары мен Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде 1375 пәтер дайын тұр. Сондай-ақ 2018 жылдың соңына дейін тағы 613 пәтерді қолданысқа беру жоспарлануда. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов мәлімдеді.

Ұлттық Банктің деректеріне сенсек, ағымдағы жылдың 27 қыркүйегіне дейін Шығыс Қазақстан облысында екінші деңгейлі банктерге аталмыш ипотекалық несие бойынша 176 өтініш келіп түсіп, оның 114-і мақұлданған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Ернар Мәулетхановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан өңірінде бағдарлама критерийлеріне сәйкес келетін 8 екінші деңгейлі банктер анықталған.

- Бағдарламаның негізгі мақсаты екінші деңгейлі банктерге ипотекалық тұрғын үй заемдарын беру арқылы тұрғын үй ипотекалық несиелендіруді ынталандыру және Ұлттық Банктің операторы болып келетін «Баспана„ ипотекалық ұйымы» АҚ-ның ипотекалық тұрғын үй заемдарын талап ету құқығын сатып алу. - дейді Ернар Мәулетханов.

Ипотекалық несиенің артықшылықтары.

  • несие бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 7% -дан аспайды (еске салайық, бүгінгі таңда ол 14-16% құрайды);
  • алдын-ала төлем 20% (қазір банктік ұйымдар 30% дейін, кейбір жағдайларда 50% дейін талап етеді);
  • несие алушының ай сайынғы төлемдерін азайту мақсатында несие 25 жылға дейін ұзартылады.

Жауапты тұлғаның айтуынша, тұрғын үй несиесі теңгемен берілетін көрінеді. Сондай-ақ бағдарламаға кәмелет жасына жеткен кез келген қазақстандықтың қатысуға құқы бар.

- Аталмыш бағдарлама бойынша ипотекалық несие алуды көздеген тұрғынның басында баспанасы болмаса болды. Сонымен қатар бұрынғыдай соңғы бес жыл көлемінде баспанасы болмауы керек деген талап та алынып тасталды. Ең бастысы, қарыз алушының ай сайынғы төлем жасауға қауқары болуы қажет. Бұл қалалы жерде балалары білім алатын ауылдықтар үшін таптырмайтын мүмкіндік деп есептеймін. Кейбір тұрғындар баспананы Алматы, Астана қалаларынан алуды қалап жатады. Оған ешкім шектеу қоймайды. Тек екінші деңгейлі банктердің талаптарына сай болса болғаны. Әрине, менің айтарым, өңір тұрғындары өзге облыстардан гөрі Шығыс Қазақстан аумағында өз мүмкіндіктерін пайдаланса деп ойлаймын. Оның үстіне біздегі бағалар Астана мен Алматы қалаларына қараған едәуір арзан. Мысалы біздегі пәтерлердің әр шаршы метрі 95 мыңнан 215 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды, - деп қосты Ернар Мәулетханов.

Сонымен қатар аталмыш бағдарлама бойынша үй алуды көздейтін азаматтарға қойылатын басты талаптың бірі - таңдаған пәтері жаңадан салынған үйлерде болуы және оның бағасы 15 миллион теңгеден аспауы қажет.

Ипотекалық несиені алу үшін сұралатын құжаттар:

  1. табыс туралы есеп / салықтық декларация / зейнетақы қорынан үзінді көшірме.
  2. Қарыз алушының тұрғын үйі апатты жағдайда тұрғаны жайындағы әкімдіктің анықтамасы.
  3. банк талап ететін басқа да құжаттар.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ