Баспанаңыз болса да…

340
көрілім

Енді баспанасы бар азаматтарға да «7-20-25» бағдарламасына қатысу құқығы берілмек. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.

Бастапқы жарнаны азайту үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарына қолдау көрсетілуде. Жеңілдік берілген ипотека бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау тетігі енгізілді. Ол әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жүзеге асырылады. Жекелеген өңірлер тұрғын үй сертификаттарын беруге кірісіп кетті, – деді Ұлттық Банк төрағасы.

Осы ретте ол тұрғын үй сертификаттарын беру нақты сипатта болуға тиістігін және бағдарлама басында ғана болуы мүмкін екендігін баса айтты.

– Бағдарламаға қатысу талаптарының бірі – меншік құқығында баспананың болмауы. Сонымен қатар азаматтардың меншікті баспанасы болып, қосымша баспана талап етілетін көптеген жағдайлар да бар. Бұл тұрғын үй талаптарын жақсартатын көп балалы отбасылар, балаларына баспана сатып алатын ата-аналар, басқа өңірлерге көшетін азаматтар болуы мүмкін. Халық қажеттілігін назарға ала отырып, Ұлттық Банк Үкіметке бағдарламаға меншік құқығында баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуді ұсынады, – деді Данияр Ақышев.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ