48 адамды ажалдан арашалап қалған семейлік Ержан Амархановқа қандай құрмет көрсетілмек?
Газетіміздің өткен санында қапияда өртке оранған автобустан 48 адамды құтқарған семейлік Ержан Амарханов жайлы «Ерлігі еленбеген батыр» тақырыбымен мақала жазған едік. Сол мақаламызда өр мінезді еріміздің ерлігі ескерусіз қалғаны, «тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, бапкер ретінде жұмысқа орналастырамыз» деп ауыз толтырып айтқан әкім-қаралардың өз уәделерінде тұрмағандығы жайлы қалам тербедік. «Бейтіт күннің батырына лайықты құрмет көрсетіле ме?» деген сауалға жауап алу ішін Семей қаласы әкімдігіне сұраухат жолдадық. Редакциямызға ресми жауап берген қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова Ержан Амархановтың баспана мәселесі алдағы уақытта қарастырылатындығын, бұл мәселе шаһар басшысы Ермак Сәлімовтың тұрақты бақылауында екендігін жеткізді.
Сын сағатта сағы сынбаған
Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының 4-і күні сағат 19.50-де «Семей – Новосібір» бағытындағы автобус жолға шығады. Түнгі сағат 3.20-да қоғамдық көлік Алейск қаласына таяғанда барлық жолашылар шырт ұйқыда жатқан. Кенет автобустан өрт шығып, лезде жан-жаққа лаулай бастайды. Осы кезде оянып кеткен Ержан Амарханов автобус жүргізушісіне өрт жайлы хабарлап, дабыл қағады. Жолаушыларды айқайлап оятқан шымыр денелі Ержан автобус есігін теуіп, итеріп ашады да ұстараның ұшында қалған адамдарды бір-бірлеп сыртқа шығарады.
Ержан Амархановтың айтуынша, автобус небәрі 4 минуттың ішінде өртке ораныпты. Ал ол жолаушыларды 1 минут 45 секундта құтқарып үлгерген. Барлық адамды сыртқа шығарған кезде автобус толық жанып кеткен.
– Ресейге көлік сатып алу үшін бара жатқан едім. Өзіммен бірге ала шыққан 1 400 000 теңге болды. Жолаушыларды сыртқа шығарып жүрген кезде бақ ақшам жанып кетті, – дейді ол.
Шамамен 10 минут ішінде оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Барлық жолаушы басқа автобусқа отырғызылып Барнаул қаласына жеткізілген.
Қала әкімінің тұрақты бақылауында
Осындай ерлік істеген өр мінезді ерімізге қандай құрмет көрсетілетіндігін білу мақсатында Семей қаласы әкімдігіне сұраухат жолдаған едік. Редакциямызға ресми жауап берген қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова Ержан Амархановты шаһар басшысы Ермак Сәлімовтың жеке қабылдап, сол кездегі автобустағы жағдайымен жан-жақты танысқандығын мәлімдеді.
– Семей қаласының әкімі қас-қағым сәтте Ержанның ерік-жігерін жинап, жылдам шешім қабылдағанын, автобустағы адамдарды құтқаруда ерлік танытқанын жоғары бағалап, қала жұртшылығы, атқарушы билік тарапынан өз ризашылығын жеткізді. Өртеніп кеткен құжаттарын қайта жасатуға көмек көрсетілді. Кездесу барысында Ержанның тыныс-тіршілігі, отбасы туралы сұралды. Ермак Сәлімов бос уақытында жас жеткіншектерді күреске баулитын бапкерге әкімшілік тарапынан қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Айта кету керек, Семей қаласы бойынша балалар-жасөспірімдер спорты мектебі тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылардың, мектеп әкімшілігінің Ержан Амархановпен кездесу кешін ұйымдастыру жоспарлануда, – дейді Надежда Васильевна.
Оның айтуынша, қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Бауыржан Қайранбаев кездесуде Ержанға 1 миллион теңге табыстады. Сонымен қатар баспанасы жоқ Ержанға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс Жинақ банкі» Семей қалалық бөлімшесінен арнайы есеп-шот ашылған.
– Алдағы уақытта Ержанның баспана мәселесі қарастырылатын болады. Бұл мәселе қала әкімінің тұрақты бақылауында, – дейді Надежда Шарова.
Бет қатталып жатқанда
Дағыстандық саясаткер, шығыстанушы Руслан Курбанов Ержанға хабарласып, көзсіз ерлігі үшін өз алғысын білдіріпті. Өзінің әлеуметтік желідегі жеке блогына ол былай деп жазба қалдырған: осындай батыр азаматқа лайықты құрмет көрсетілуі керек. 48 адамды өрттен құтқарған Ержанға үлкен марапатқа лайық жан. Құдай оның отбасына тек жақсылық берсін.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосурет Ержан Амархановтан алынды