Білім мекемелеріндегі аспаздарға жалақы қандай тәртіпте төленеді?

595
көрілім

Аспаздың ақысы еңбек өтіліне байланысты ма? Осы сауалмен жақында газет редакциясына бір оқырманымыз хабарласқан еді. Бірнеше жыл қатарынан балабақшада аспаз болып жұмыс істейтін азаматша жыл басында орын алған өзгерістерге қатысты алатын жалақысын анықтап беруді сұраған болатын.

- Аспазшының жалақысы "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйым қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №835 қаулысының 3-қосымшасына сәйкес төленеді, - дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аспазшының ең төменгі разряды — 3, ал ең жоғары разряды — 5.

- Бесінші разрядты аспазшы қазіргі уақытта 52 537 теңге, ал үшінші разрядты аспаз 51 376 теңге жалақы қолына алады, - дейді Сайрангүл Ахметкәрімқызы. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап аспазшылардың жалақылары үстемеленді. Үстемақы мөлшері шамамен 9500 теңге болды. Осы себепті аспазшылардың жалақылары олардың разрядына байланысты. Яғни разряды өскен сайын алатын жалақысы да жоғары. Ал олардың еңбек өтілі жалақы мөлшеріне ықпал етпейді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының 18-қосымшасы 9-тармағына сәйкес аспазшыларға ыстық цехта жұмыс істегені үшін базалық лауазымдық айлықақының 30 пайызы көлемінде үстемақы төленеді. Құзырлы мекеме басшысы жалақысы дұрыс есптелмеген қызметкерлердің Еңбек инспекциясына жүгіне алатынын ескертеді.

 

Айзере СҰЛТАН

Фото: ашық дереккөз