Бірегей жоба

490
көрілім

Облыс тұрғындары бірегей жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылатынын хабарлады.

Биылдан бастап әр қазақстандық елдiң оң бейнесін қалыптастыруға қосқан өз үлесі жайлы айтуға мүмкiндiк алады. 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы іске асырылып, елімізге ғылым, спорт салаларында, сондай-ақ бірқатар шығармашылық идеяларда жетістіктерге жеткен танымал тұлғаларды, көрнекті қоғам және мәдениет қайраткерлерін таныстырды. Биыл бірегей республикалық жобаның екінші кезеңі басталды.

Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев қазақстандықтарды бірегей жобаға қатысуға үміткерлерді іздестіруге және ұсынуға белсене қатысуға шақырды.

- Көптеген қарапайым адамдар өздерінің жетістіктерін көпшілікке жарияламайды. Тіпті кейбір кездері олар өз жетістіктерін ерлікке санамауы да мүмкін. Бұл жобаның мақсаты - Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың басынан өткерген нақты оқиғаларын мысал ретінде пайдалана отырып насихаттау, - дейді Асқар Нұрғазиев.

Жобаға қатысу үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының ресми сайтында атап көрсетілгендей, үміткер кәмелет жасына толған болу керек. Сонымен қатар елдің оң имиджін қалыптастыратын қызметте жарқын жетістіктерге ие, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге лайықты үлгі бола алатын адам болуы қажет. Әрбір қоғамдық ұйым, бірлестіктер, сондай-ақ жеке азаматтар кәсіби жетістіктерге жеткен адамдарды ұсына алады.

Қоса кетсек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуға 100esim.el.kz порталында өтінім бере аласыз. Құзырлы мекеме өкілдерінің хабарлауынша, жобаға қатысу мерзімі қазан айының соңына дейін жалғасуы мүмкін көрінеді.

Ерлен ОСМАНОВ