Шығыс Қазақстанның инфрақұрылымын инвесторлар дамытпақ. Өңір басшысы бұл бағытта аспанасты елінің кәсіпкерлерімен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Таяудағы үш жыл ішінде облысымыз үшін маңызды екі автомобиль жолының құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Өскемен-Талдықорған» тасжолының ұзындығы 767 шақырымды, ал Қалбатау-Майқапшағай тасжолы 467 шақырымды құрайды.
- Жұмысты қытайлық әріптестеріміз жүргізуде, - деп хабарлады ШҚО әкімі Даниал Ахметов. - Ұлан, Жарма, Зайсан, Үржар, Аягөз, Көкпекті аудандары әкімдеріне шетелдік жұмысшылармен жұмыс істеуге назар аударуды тапсырамын. Достық үйлері жұмысын ұйымдастырып, концерттер өткізуі керек. Бізге беделді қытайлық компания келді, әкімдер болса шеткері қалуда. Бұлар бізге келген қонақтар. Біз оларға қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығын көрсетуіміз керек!
Өңір басшысы жұмысшылардың демалысы мен тұрмыстық жағдайында бас көрсеткен мәселелерді жылдам, әрі тиімді түрде шешетін байланыс тобын құруды ұсынды.
Ерлен ОСМАНОВ