Бірнеше жыл бұрын еркін күрестен ел құрамасын толықтыруға шақ қалған легионерлер есімі аталды

601
көрілім
Фотосурет ndelo.ru сайтынан

Әлбетте, мұндай мәлімет естіген күрессүйер қауым салған жерден жағаларын ұстап, «осының не қажеті бар?» деген сипатта түрлі келіспеушіліктерін білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еліміздің күрес парақшаларының біріне берген сұхбатында еркін күрестен ерлер Ұлттық құрамасының бапкер-кеңесшісі Майрбек Юсупов алғаш жұмысын бастаған жылдары алған қойған бағыты жайлы аз-кем ой білдірді. Дағыстандық маманның келуімен палуандардың әлемдік аламандарда жүлдегер атандығы жасырын емес. Жергілікті бапкерлік құрамның, федерацияның сіңірген еңбегін айта кеткен орынды. Десе де күрес жанашыры, қазақ спортының үйлестірушісі Ерлан Қожасбаймен пікір алмасқанда, Ресейде жүлденің ауылынан алыс жүрген бірқатар жастарды Ұлттық құрамаға тарту мәселесін қозғаған екен.
– 2016 жылы Хасавюрт қаласында жұмыс істеп жүргенімде бірқатар талантты спортшылар көзімен шалынды. Жиырмаға ілінбеген жігіттер. Жасөспірімдер, жастар арасында да жасындай жарқылдап үлгермеген, Ресей сапында халықаралық сайыстарда белдеспеген спортшылар еді. Айталық, Разамбек Жамалов, Абдула Ахмедов және Шамиль Мусаев. Мен осы жастарды тартуды ұсынған едім. Дегенмен Ерлан Сәдуақасұлы легионерлерді тартуды құп көрмей, жергілікті спортшылардан чемпион шығару мақсат етілгендігін жеткізді. Осы жерде тақырып жабылып, күні бүгінге дейін көтерілген емес, – деді Майрбек Юсупов.
Абдула Ахмедов 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігін ұтса, Шамиль Мусаев 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатының күмісін иеленеді. Ал Жамалов болса, өткен жылы Ресей чемпионатын ұтып, сосын Әлем кубогінде атой салды. Ресей чемпионатында 74 келіге дейінгі салмақта бес Әлем чемпионы барын ескерсек, бастапқыда жоғары нәтиже көрсете алмаған жас қазір нөмір бірінші палуанға айналған. Иә, бұл өкініш емес. Қайта көршілес елдегі осындай сыралғы қарсыластармен тәжірибе алмасқан ел құрамасының спортшылары түптің-түбі бір нәтиже шығарар деген сенім мол. Не де болса Ерлан Қожасбайдың қазақстандық палуандарға мүмкіндік беріп, сенім артқаны жарқын жеңістердің алғышарты десек орынды болар.