Бисен Жақыпов: Қазіргі сарбаздар – смартфонмен өскен балалар

2555
көрілім

Қоғамда әскердегі әлім­жеттік әлі де сақталғаны жайлы пікірлер жиі айтылады. Оған кейде армия қатарында жүргенде өз-өзіне қол салатындардың кездесіп қалатыны отқа май құйғандай әсер ететіні бар. Ал офицерлер әлімжеттік азайғанын алға тартады. Алайда әскерде суицид мен әлімжеттік көріністері қандай деңгейде? Әскердегі тәртіп қалай бақыланады? Сондықтан біз Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық департаментінің бағыттау аға офицері, полковник Бисен Жақыповпен сұхбаттасып, әскердегі суицид пен әлімжеттік мәселелері жайлы сұрадық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.
– Бисен Жарылқасынұлы, әскердегі суицидті түбегейлі жою мүмкін болмай тұр. Мамандар суицид жасаушылардың ортақ портретін жасай алды ма?
– Бүгінде суицид құбылысы адамзат үшін этикалық, әлеуметтік, медициналық және психологиялық проблема ретінде өзекті болып қала береді.
Қазіргі заманғы тұжырымдамаларға сәйкес, суицид ол бастан кешкен микрожанжалдар жағдайында адамның әлеуметтік-психологиялық бейімделуінің салдары ретінде қарастырылады. Яғни, суицид – бұл төтенше, дағдарыстық жағдайдағы адамның мінез-құлқы түрлерінің бірі, сондықтан суицидшілердің жалпы портретін жасау мүмкін емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, өз-өзіне қол жұмсау саны 100 мың адамға арақатынаста өлшенеді. Егер өз-өзіне қол жұмсау саны 100 мың тұрғынға 20 адамнан көп болса, онда бұл көрсеткіш жоғары болып саналады.
Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша Қазақстан суицидтік белсенділік деңгейі жоғары елдердің қатарында, өйткені жылына Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 22,8 суицид болып тұрады.
Республика бойынша өз-өзіне қол жұмсау жағдайына былтыр жасалған талдау көрсеткендей суицид жасағандардың жартысынан көбі (53%) ересек адамдар, яғни 30 жастан 54 жасқа дейінгілер.
Бұл ретте, Қорғаныс министрлігінде өз-өзіне қол жұмсайтындар 18-29 жас аралығындағы әскери қызметшілер.
Республика бойынша 18-29 жас аралығындағы өз-өзіне қол жұмсайтындар 100 мың адамға арақатынаста 14,05 құрайды, ал Қарулы Күштерде өз-өзіне қол жұмсау саны 100 мың адамға арақатынаста 8,75 құрайды, яғни республика бойынша көрсеткіштермен салыстырғанда әскерде өз-өзіне қол жұмсау деректері екі есе төмен.
Қазақстанның басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына қарағанда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерде адам саны 2-3 есе көп екенін де ескеру қажет. Пайыздық өлшеммен алғанда Қарулы Күштерде өз-өзіне қол жұмсау саны анағұрлым аз.
Енді Кеңес Одағы кезеңін еске алайықшы. 10 жылға созылған Ауған соғысын бәріміз білеміз. Ондай соғыстар болмай-ақ қойсын, балаларымыз бармасын ешқандай соғысқа. Дегенмен 18 жасқа енді толған жас жігіттер өздері сұранып кетіп жатты – сол Ауғанға. Әрине өкінішті, қаншама ағаларымыз интернационалдық борышын өтеуде мерт болды, жарақат алды. Мен бұл жерде олардың өз-өздеріне жауап беретін азаматтар ретінде, сол кезде патриоттық сезіммен, батыр болам деген арманмен (нағыз еркектік сезімдер ғой) өз өмірлерін қатерге тіккенін айтқым келіп отыр.
Ал қазір әскерді балабақша сияқты жасап жібергендейміз. Оған қоғамның да әсері бар шығар. Үйде, мектепте не бердіңіздер, сонымен балаларды алып жатырмыз. Қазіргі сарбаздардың көбі смартфонмен өсіп жатыр. Ауылда өскен балалар болмаса, қалада тұратындардың біразы қара жұмыс дегеннің не екенін білмейді. Егер «ата-аналар балаларын телефонға тапсырып қойған» десем, кім менің сөзімді теріске шығара алады екен?! Жыламаса, жұмыстан кейін мазамды алмаса болды деп баланың қолына телефон беріп қойып, ата-ана өзі де WhatsApp, Instagram қарап отырады. Бізге, әскерге сол телефонмен өскен бала келіп жатыр. Әрқайсысының миына, ойына кіруіміз керек. Бәрінің бірдей санасына жету мүмкін емес.
– Әскер өміріндегі құбылыстарды «сырт көз» – азаматтық сала мамандарына зерттету, соның ішінде психолог, социологтерді тарту мәселені өзге қырынан тануға мүмкіндік беруі ықтимал. Әскерде мұндай бағытта зерттеулер жасала ма?
– Психологиялық қызметтің тиімді жұмыс істеуі үшін жыл сайын психолог мамандар жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру, қайта даярлау курстарынан өтеді, сондай-ақ азаматтық сала мамандарымен психолог мамандарының ой-өрісін, көзқарасын кеңейту және тәжірибе алмасу үшін тар бейінді психолог мамандарын (суицидологтер, лудомания, психодиагностика, психологиялық консультация беру) тарта отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің тектері, әскер түрлері ауқымында жиын өткізіледі.
Ал Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде жастарды әскерге шақыру кезінде медициналық комиссия құрамына сол облыстағы, қаладағы азаматтық саладағы білікті мамандар іріктеу арқылы шақырылады. Олардың ішінде тәжірибелі дәрігерлермен қатар азаматтық персоналдар қатарынан психологтер де, социологтер де бар.
Осы жылдың маусым айының соңында телеарналардың бірі Қорғаныс министрлігі өкілімен сұхбат өткізді. Сол телехабарда халық арасында өткізілген, жастардың әскерге бару-бармауы туралы сауалнама жүргізілді. Барлығы бірауыздан әрбір ер азамат әскерге баруға, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге міндетті деп жауап берді. Бір әйел «Балам әскерге барса, адам болып келер еді» деп те айтып қалды.
Қорғаныс министрлігі жылына 13 мыңнан астам баланы әскер қатарына шақырады (Қазақстан Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларына жылына 32 мыңнан астам сарбаз шақырылады), Олар қолына қару ұстап, оны меңгеріп, балалық сезімді артқа тастап, ересек болып ел-жұртына оралады. Дегенмен әскери өмір кезінде жастардың мінез-құлқындағы, психологиясындағы өзгерістерді бақылап отырамыз. Алайда мамандар кейде суицид жасаудың алдын алуға қауқарсыз болып қалатыны бар.
– Әдетте, әскер қатарына шақырылатындар медкомиссиядан өтеді. Дәрігер-психолог, психиатрлар суицидке баруы мүмкін азаматтарды болжауға қауқарсыз ба?
– Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің жиын пункттерінде әскерге шақырылушылар бірінші кезекте жарамдылық дәрежесі бойынша медициналық комиссиядан өтеді, тек содан кейін психолог мамандар әскерге шақырылушыларды психологиялық зерделеу (құжаттарды (жеке істерін) талдау, психологиялық тестілеу, жеке әңгімелесу, байқау және сұрау) бойынша жұмыс жүргізеді.
Осы зерделеудің нәтижелері бойынша психологтер кандидаттардың әскери қызмет өткеру үшін жарамдылық дәрежесі туралы «бірінші кезекте ұсынылады» деп бірінші санатта, «ұсынылады» деп екінші санатта шақырылатындарға ұсыным береді, «шартты түрде ұсынылады» деп үшінші санат берілгендер қатарына әскери бөлімдерден әскер қатарына шақырылушыларды қабылдауға келген әскери қызметшілердің шешімімен алынатындар жатады, яғни оларды қандай бөлімге, қандай мамандыққа тағайындауға болатыны зерделенді, «ұсынылмайды» деп берілетін төртінші санаттағыларға жеке психологиялық тұрақтылығы және жаңа жағдайға икемділігі төмен, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға бейім деп анықталған адамдар жатады, олар әскер қатарына шақырылмайды.
Ғылыми дәлелденбегенімен, өз-өзіне қол жұмсаушылықтың көбіне тұқымқуалаушылық тұстары бар екенін зерттеулер көрсетеді. Көп жағдайда суицидке барғандардың туыстары да өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болып жатады. Ол тіпті жақын арада емес, 10-15 жыл бұрын да болғаны анықталып жатады. Мен мұны тек әскер ішіндегілерге қатысты айтып отырған жоқпын, жалпы халық арасындағы жағдай осындай екенін өздеріңіз де білесіздер. «Түс көрдім, түсімде бауырым (қайтыс болған жақыны туралы) шақырып жүр» деп айтып жүр еді, «асылып қалыпты ғой» деген әңгімелерді жиі естиміз. Осылай ести тұра, біле тұра қанша адамнан туыстары айырылып қалды. Ал үндемей, іштей тынып жүретіндерді қайтеміз?!
– Көп жағдайда әскердегі өлім-жітімді әлімжеттікпен байланыстырады. Шынымен солай ма?
– Жоқ. Мұндай фактілер сирек кездеседі. Кем дегенде, соңғы 7-8 жыл ішінде Қарулы Күштерде өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу немесе қол жұмсау арқылы билікті теріс пайдалану салдарынан мерзімді қызмет әскери қызметшінің қаза болуының бірде-бір оқиғасы болған жоқ.
Бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегідей «дедовщина» деген жоқ. Өйткені мерзімді әскери қызмет бар болғаны бір-ақ жыл. Әскерге жастар жарты жыл сайын шақырылады. Осыған қарамастан жарты жыл сайынғы шақырылатындардың өзін, тіпті шама келгенше әр облыс жастарын бір-бірімен араластырмаймыз. Бір жыл мерзімін атқарған сарбаздар кеткен соң ғана жаңа буын әскери бөлімге келеді. Ол бір жағынан жағымсыз «дәстүрлерін» көрсетіп кетпесін деген оймен жасалады.
Әрине, 200-300 бозбала жиналған жерде, әрқайсысы өзінің үстемдігін көрсеткісі келеді. Ол адам баласының табиғатына тән жағдай. Қаншалықты бақылап, қарап жүргеннің өзінде шекісіп қалып жатады. Оны әлімжеттік (дедовщина) деп атауға болмайды.
– Сіздер, офицерлер әлімжеттік азайғанын айтасыздар. Ал әскер қатарында болғандар оның формасы өзгергенін алға тартады. Қазір ұрып-соғу азайғанмен, психологиялық қысым, буллинг элементтері бар деседі. Сырт көзге ойын, қалжың тәрізді көрінуі мүмкін. Іс жүзінде әлімжеттік дейді. Шын ба?
– Әскердегі казармалық бұзақылық құбылыстар толығымен жойылды деп айтуға болмайды. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кейде кездесіп жатады, бірақ олар біртұтас және жаппай жүйелік сипатқа ие емес. Сонымен қатар таза ерлер арасында қақтығыстар туындауы мүмкін екенін түсіну керек, олар көбіне ауызша дау-дамай негізінде аздап басталады. Кейде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің өздері мінез-құлқымен сержант немесе офицерді қатаң шара қолдануға итермелеуі мүмкін. Ешкім ешкімді қорламайды. Кез келген жағдайда кінәлі лауазымды адамдар қатаң жазаға тартылады немесе Қарулы Күштерден шығарылады.
Әлеуметтік желілерде, YouTube және тағы да басқа жерде сарбаздар арасындағы кикілжіңдер, офицерлер мен сержанттар тарапынан дөрекіліктер туралы бейнероликтер тарап жатады. Оның көбі ескі бейнероликтер, яғни 8-10 жыл бұрын, тіпті десеңіз 15 жыл бұрын түсірілгендер, оған қоса басқа мемлекеттер әскерінде орын алған жағдай да бар. Қазақта «Атың шықпаса жер өрте» деген мақал бар. Кейбір азаматтар ана жерден, мына жерден ескі бейнероликтерді жинап алып, оны бөлшектеп, кесіп, қайта құрастырып, қазір болып жатқандай етіп көрсетеді. Оны ел-жұрт көреді, ал әскерге бармаған, диванда отырған комментаторлар жағымсыз пікірлерін бұрқыратып жатады.
Барлық казармаларда сарбаздардың жүріс-тұрысын қарап отыратын бейнекамералар бар. Жергілікті жерлерде Әскери полиция өкілдерінің қатысуымен күн сайын, Қорғаныс министрлігінің, әскер түрлерінің жоғары басшылықтары іссапармен барғанда сарбаздарды ішкиімге дейін шешіндіріп, дене бітімдерін тексереді, оның ешқандай әбестігі жоқ. Ата-аналары бізге сеніп тапсырған соң, денелеріне бір дақ түсірмей, үйлеріне аман-есен қайтару парызымыз.
Сарбаздар аптасына 4 рет ата-аналарына, туыстарына телефон шалып отырады. Олар әрқайсысы қалтасына ұялы телефон салып жүрмейді, әскерде болған соң оған тыйым салынған. Бірақ әрбір ротада немесе қандай да бір бөлімшеде телефон сақтайтын темір шкаф (сейф) бар. Әскери бөлімнің командирі, оның орынбасарлары ата-аналармен әрдайым хабарда отыру үшін чат құрып қойған. Ата-ана баласымен сөйлескенде оның дауысынан көңіл күйінің болмай жүргенін байқаса, командирлеріне, олардың орынбасарларына уақытында айтып отырса, құба-құп болар еді. Дер кезінде шара қабылдап, келеңсіз оқиғаларға жол бермес едік.
– Әлімжеттік себептерін іздеуде мектептегі, отбасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы стереотиптер қарастырыла ма? Айталық, қоғамда криминалдық «понятие» дейтіннің жастар арасында әлі де болса жойылмағаны, «тоқылдақ» деп айдар тағу, интернет арқылы буллинг жасау дегендей.
– Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәрбие бесіктен басталады» деп айтқан еді. Сарбаздар әскерге айдан келген жоқ. Әскерге дейін тәрбиені ел арасында жүріп алды. Әркімге өз баласы ең момын, ең ақылды, ең ұқыпты. Кейбіреулері балаларының сыртта не істеп жүргенінен бейхабар. Әбден бұзақылық жасалып, болары болғаннан кейін, «қайдан білейік?» деп жатады.
Тентек балаларын «әскерге барсын, адам болып келеді» деп жүргендерді қанша рет естідік, көрдік. Сонда өздері 18-20 жасқа дейін тәрбиелей алмаған баласын әскер тәрбиелеу керек пе? Иә, әскери тәртіп барлығына жуығын бірізге салып береді. 99,9% пайызы айтқанды тыңдауды үйренеді, қасындағылармен жолдастыққа, бір шаңырақтың астында (казармада) еркектер ұжымының ауызбіршілігіне қалыптасады деп айтар едім. Дегенмен әскерге дейін көрген-білгенін сарбаз болып жүргенде қолданғысы келетіндер ішінара табылады.
Өткен кезең (отбасы, мектеп, тәрбие, оқыту) әскерге шақырылғаннан кейін жауынгердің одан әрі мінез-құлқына белгілі бір із қалдырады. Бірақ бейімделуден кейін барлық осы бейресми ұғымдар әдетте жойылады. Біз әрқашан осы бағытта жұмыс істейміз. Адамдардың белгілі бір санаты динамикалық бақылау тобына кіреді, онда оларға күшейтілген бақылау, психологиялық әсердің профилактикалық және тәрбиелік құқықтық шаралары жүзеге асырылады. Мысалы, «Жауынгерлік дос» жүйесі тәжірибеде өзін жақсы жағынан көрсете білді, біз оны үнемі жетілдіріп отырамыз.
– Әлімжеттіктің әлі де сақталуына келісімшартпен қызмет ету жүйесінің енгізілгені қаншалықты әсер етті? Бірнеше жыл бұрын заставадағы мерзімді әскери қызметшілерді келісімшартпен жұмыс істеп жүргендер қуып жібергені жайлы мәлімет тарап еді.
– Келісімшарт бойынша әскери қызметтің енгізілуі әскерде «дедовщина» түріндегі жарғылық емес қатынастардың сақталуына ешқандай әсер етпеді. Сонымен қатар қазір әскерде «дедовщина» деген ұғым жоқ деп айтар едім. Жоғарыда айтып кеткендей бұл өткеннің қалдығы, Кеңес уақытында өмір сүрген адамдардың санасында қалып қойған стереотип.
– Әңгімеңізге рақмет!