Биыл 400 грант бөлінеді!

516
көрілім

2017 жылы Шығыс Қазақстанда жергілікті бюджет қаржысы есебінен облыстың 5 университетіне сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант бөлінген болатын. Ағымдағы жылы гранттар саны екі есеге, 400-ге дейін ұлғаяды.

– Студенттерді оқытуға қомақты қаржы құя отырып, біз жоғарғы оқу орындарына шарт қоямыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғындармен есепті кездесу барысында. — Бұл олардың қалалар мен аудандарға шығып, мектептерде белсенді және жүйелі кәсіптік бағдар жұмыстарын жүргізуі. Жоғарғы оқу орындарына пассивті позиция ұстануды доғарып, талапкерлерді іріктеу және жинақтау бойынша жұмысты күшейтетін кез келді. Жаңа сұранысқа ие мамандықтарды енгізу керек. Жоғары білікті, оның ішінде шетелдік профессорлық-оқытушылық құрамды тарту қажет. Гранттарды бере отырып, оқу орындарының ректорларынан сұранысты қатайтамыз.

Гранттардың бөлінуіне себеп болып отырған басты себеп — шығысқазақстандық түлектердің шетелдік жоғарғы оқу орындарына оқуға кетуі. Өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Білікті маман» бағдарламасы әзірленді, ол өңірлік жоғарғы оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және мектеп түлектерінің кетуін төмендетуді көздейді.

— Біз түлектеріміздің Англияның, Францияның белді жоғары оқу орындарында, яғни әлемнің үздік университеттерінде оқуын құптаймыз. Дегенмен, олардың оқыту деңгейі мен сапасы қазақстандық шамада, тіпті білім сапасы одан да төмен университеттерден гөрі өз елінде және өз облысында оқығаны дұрыс болар еді, – деп қосты Даниал Кенжетайұлы.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ