Биыл Зайсан ауданының тоғыз ауылы толықтай газбен қамтылады

716
көрілім
Зайсан қаласы мен осы ауданға қарасты ауылдарды газдандыру жұмыстары биыл да жалғасын табады. Атап айтқанда, осы жылы аудан орталығындағы Заречный, Партсъезд, Щевченко мөлтек аудандары мен тоғыз ауылға газ құбырлары орнатылмақ.

Зайсан қаласының өзінде жыл сайын жүзге жуық жаңа үй тұрғызылады. Барлығына газ тарту жоспарланғанымен, басты жоспарға енбей қалған үйлердің бұл мүмкіндіктен құр қалып жатқан жайы бар. Аудан орталығында 2015 жылы 40 шақырым, 2016 жылы 37 шақырым газ құбыры тартылып, мыңнан астам үйге, 78 коммерциялық нысан мен 4 бюджеттік мекемеге газ қосылған.

Зайсан қаласының газ құбырларын іске қосу жұмыстары кезеңдерге бөлінген. Бірінші кезекте орталық және ГЭС мөлтек аудандарына газ қосылды. Екінші кезекте Заречный, Партсъезд және Щевченко мөлтек аудандарын газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Шевченко мөлтек ауданы газға қосылуға дайын тұр. Заречный және Партсъезд мөлтек аудандарында газ құбырларын тарту жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды аудан әкімдігі.

Аудандағы Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдарына газ құбырларының кентшілік және орамішілік желілерін салуға қомақты қаржы бөлініп отыр. Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы міндетін атқарушы Алмат Арсламбековтың айтуынша, аталған ауылдар биыл толықтай газбен қамтылады. Ауылдардың алтауында газ желілері жүз пайыз дайын болса, Көгедай, Шалқар және Үлкен Қаратал ауылдарында осы бағыттағы жұмыстар биыл соңына жеткізілмек.

Аян ӨРІБАЕВ