Биылғы қыс Өскемендегі зообақ мекендеушілері үшін қалай өтті?

598
көрілім
Фотосуреттер Виктор Абакумовтікі

Қырық құбылған қыстың өзгешелігін өңір тұрғындары түрліше қабылдап, алдын ала болжамдарын да ұсынған-тын. Алайда «үш ақбозат» үшін осы жылы өзгенің пікірімен санасу былай тұрсын, наурыз айында мінезін қайтадан көрсетіп бақты. Аша тұяқтылар қыстың қысымынан қалай шықты, төңірек ақ көрпесін жамылып, мүлгіген тыныштыққа көшкенде жануарлар қалалық зообаққа келушілер назарын сағынды ма, сондай-ақ аюлардың ұйқысы алаңсыз өтті ме деген сауалдардың жауабын Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығынан барып білген едік.

Әуелде қаңтар қамытын кигенге дейін көпшілік аудандарда тұрғындар малын өріске жіберіп, қысқы жем шөптеріне әжептәуір үнем болар деп сенім білдірген еді. Кейбірі «кешігіп жеткен қыс көп аялдамай жөнімен кетер» деп арқаны кеңге салып, суырғыштарын оңды-солды сілтей түскен. Алайда күпсек қардың іргесі сөгілмей, күні бүгінге дейін кей аудандарда қар қылаулап тұр. Облыс орталығында дәл осындай ауа райы сақталып, Жер ана қар патшалығының құрсауынан толық құтылмады. Дей тұрғанмен Солжағалау мұражай-қорығына көктем кешікпей келді. Жылуды жаны қалап, көктемгі жеңілдікті сезінейін деген жануарлардың барлығы дерлік сілкініп тастап, жан-жақтарына бажайлап қарай бастаған.

Қоңыр аюлардың қылығы

Өскемендегі зообаққа келушілердің көбі дерлік аюларды көруге асығады. Маймақ аңның қылықтары мен аяқ алысының өзі бүлдіршіндерден бастап егде жастағылардың талайын таңдай қақтырады. Облыс орталығындағы зообақта солардың тоғызы мекен етеді. Ұйқылары қанбады дегеннен гөрі әл-қуаттары азайды деген жөн болар, қимылдарынан аз-кем теңселу байқалады. Кешендегі жұмысшылар болса бұған жымия қарап «қыдырып бітпеген болар» деген болжам айтты.

– Олар қыста ұйықтамайды. Қыстық азығын уақтылы беріп, күтімге алуды жалғастыра түсеміз. Табиғатта өз беттерінше мекен етсе қыстың көзі қырауда ұйқыға кетер еді, – дейді Солжағалау кешенінің зоотехнигі Нұрлан Сәдуақасов. – Күн тағы біраз жылына түссе тәбеттері ашылып, емін-еркін қыдыра түседі. Аюлар күніне орта есеппен алғанда 10 келі, қонжықтары 5-6 келі тамақ жейді. Тамақ белгіленген рационнан асырмай, мөлшермен беріледі. Айталық, аюларымыз күніне 2,5 келідей ет, көкөніс, нан, сондай-ақ макарон өнімдерін жейді.

Жалпы, Нұрлан Сейітханұлы айтқан қонжықтардың өздері біршама өсіп қалған. Зообақтағы жануарлар қатарын толықтырғандарына да бірнеше маусымның жүзі. Сол қонжықтардың бойы енесімен теңесіп, сырт көзге сұсты көрінеді. Келімді-кетімді қонақтарға қарай еріне басып, асқазан алдаусыратар талғажау әкелді ме деген ойдың жетегіне кеткендей болады. Карантин уақытында келушілердің жоқтығына әбден бой үйретіп, бейтаныс біреу келе жатса аз-кем жатсынғандай кейіп танытты.

– Кейбіреулері адамдарды сағынып қалғандай, апандарынан асыға шығып, торға қарай ұмтылады, – дейді Нұрлан Сәдуақасов.

Алыстан анағұрлым алып көрінетін аюлар өздерін асыраушыларға қызыға, кейде тіпті айрықша назар аудара көз тастайды. Осы кезде өзінің қоршауындағы темірге арқасын қасыған маймақтың лақап атын сұрап едік, хайуанаттар бағының жұмысшылары «Жалпылама Маша, Миша деп атай береміз» деп күрт жауап берді.

Ауқаттанған аңдар аязға алдырмады

Қаңтар айының орта тұсында аймақ көлемінде ауа температурасы 40°С-қа дейін төмендеп, талай адамды бүрсең қақтырды. Мұндайда марал, қодас, есек, пони сынды ашатұяқтылар қайтты екен? Барлығы бірдей аяқ-қолды үсіріп әкететін аязға төтеп бере алмас. Дегенмен бұл жолы қысқы маусымды барлығы оңай өткерген-тін. Өңірде үскірік аяз өз екпінін енді ала бастағанда ауқаттанған аңдар бойына жиналған май мен дұрыс рацион қабылдауларына қарай қақаған қысқа қауқар көрсетуге әзір болды.

– Қыстық азық жеткілікті мөлшерде болғандықтан жануарларды қоректендіруде бәлендей қиындық көрмедік. Мына түйелер жуырда ғана боталады. Олар да қысты еш қиындықсыз өткерді, – дейді зоотехник. – Сынап бағанасы күрт төмендеп кеткенде жануарлар еденге шөп төселіп, оттығы қойылған жылы қораларына кірді.

Шөпті жылына бір рет сатып алып, хайуанаттар бағының аяққы тұсындағы арнайы орынға үйіп қояды. Нұрлан Сәдуақасовтың айтуынша, бірнеше ай бұрын ғана құрғақ жемшөп үйетін орынды тегіс алып тұрса, қыстай басым көпшілігін жеп тауысқан. Әсіресе тұяқтылардың толған бүйірлеріне көз жүгіртсе мамандар сөзіне еш шек келтірмейміз.

Өкініштісі сол, мысық тұқымдастарды толықтай суретке түсіріп, шапшаң қимылдарына куә бола алмадық.

Бейтаныс қонақтарды жатырқаса керек, сілеусін мен пума ағаш үйшіктерінен шықпай, тек анда-санда өткір көздері мен ара-тұра имек тырнақтарын көрсетумен шектелді. Бұлғын да бөгде жандардан бұғып, тілшілерге төбе көрсетпеді.

Құсханадағы «қауқылдасу»

Құстар әзірге қысқы орындарында. Сыртқа тек ауа райы жылынған кезде ғана шығарылады.

– Әр құстың белгілі бір айда ғана сыртқа шығарылатын кезі бар. Ең алдымен қаздар мен үйректер күн көзіне шомылса, мамыр-маусым айларында тырналар мен тотықұстар көпшілік көзіне көрінеді. Десе де барлығы ауа райына байланысты. Сыртқа шығуға көпшілгі асық, алайда кейбірінің әлі де болса қысқы құсханадан ұзап кеткілері жоқ, – дейді мамандардың бірі.

Ол жердегі орташа температура -17-18°С суық болып тұрады. Ал жылусүйгіш тотықұстар үшін мұндай суықтық айтарлықтай қауіпті.

Қысқы құсхананың есігін ашып қалғанда өзара «қауқылдасып», у да шу болған әралуан дауыстар құлаққа келеді. Шықылықтайды кеп, айқайға басады, кейбірі өзара «әңгіме» бөгеуін ағытқандай азан-қазан. Сырттай қарағанда балапанға ұқсас бөденелер абыр-сабыр болып тордың ішімен ерсілі-қарсылы жүгіруде. Күркетауықтар да айрықша қарлығыңқы үн шығарды. Тотықұстарға таяй берсеңіз құдды бір теңіздің жағасына тап болғандай күй кешесіз – бірде тынық, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаса, бірде шуылдасқан дауыстардан ойың сан-саққа кетеді. Ұзын-ырғасы да аз еместей. Зоотехниктен «Бұлардың саны қанша?» деп сұрағанымызда «Санамай-ақ қойған жөн болар, көз тиіп кетпесін» деп әзілмен жауап қатты.

Қоқиқаздар алысқа қарайды

Сырт көзге сыр бермей көз тастап тұрған қызыл қанатты қоқиқаз ғана. Жанында кімдер жүр, не істемек, маңызды емес, мойнын созып алып алысқа қарайды. Қоқиқаздың қанаттарының түсі қызарып батқан күнге ұқсайды. Демек бұл құстарды теңіз өнімдері қосылған ерекше ем-дәм жағдайында қоректендіреді деген сөз. Теңіз өнімдерімен үздіксіз қоректенгеннен болар, түрі мен түсі көз тартады. Тауыстар құсхананың төбесін тірей қонақтап, құйрығы еденге дейін төгіліп-ақ тұр. Дегенмен мұқият қарағанда бойлары бойкүйез тартып, қыстан әлсіреп шыққандай. Нұрлан Садуақасовтың айтуынша, тауыстар қысқа қарай түлеп, әдемі қауырсындарынан айырылып, біртүрлі, ұсқынсыз кейіпке енеді. Жыртқыш құстардың жанында өзге де қанаттылар жұрт жақындай бастаса абыр-сабыр болады. Бәлкім жатырқайтын шығар, үкілер қонақтарды көре сала қанаттарымен торды сабалап, өзі де тынымсыз күйге түседі. Тек келушілер қарасы алыстай түскенде беймаза қанаттары дамыл тауып, басымен бұрышқа қарай бұға түседі.

– Үкілерді асырап жатқанымызға үш жылдай болса да адамдардан әлі үркеді. Жыртқыш құстар ен далада өздерін қаншалықты еркін сезінгендерімен тамақ апарған кезде біздің көзімізше нәр татпайды. Едәуір жерге кеткенде ғана тәбетпен тамақтанады, – дейді мамандардың бірі.

Шығыстың аязынан шығынсыз өтті

Сәл әрірек жүргенде қанаттарын қомдаған қарақұстарды көрдік. Өткір көздері ерекше сұсты, тап бір ешнәрседен қорықпайтындай. Солай дейміз-ау, адамдармен бетпе-бет қалса салған жерден тырнақтарымен бүріп алатындай. Қарсы алдарында кімнің тұрғандығы оларға әсте қызықсыз көрінді, ешкімнен секемденер емес. Тек солардың белсенді деген біреуі ғана ұшып барып томардың үстіндегі шикі етті іліп алды.

Шағын саяхат жүргізу кезінде түйгеніміз: Солжағалау кешенінің жануарлары қаһарлы қыстан қандай да бір қиындықсыз, шығынсыз шықты. Нұрлан Сәдуақасовтың айтуынша, хайуанаттар бағында аңдар әлі күшіктей қоймаған. Дегенмен жуық арада кейбіреулерінің қатары көбейіп, саны артулары мүмкін. Зоотехниктің сөзінше, мұражай-қорық басшылығы қазіргі уақытта жануарлар алмастыру бойынша әріптестерімен келіссөздер жүргізуде.

– Бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасуда. Зообаққа сәл де болсын өзгеріс енгізейік десек, ол жақтың аңдары бізде де бар, сондықтан бұл жағы уақыт еншісіне қалып тұр, – дейді мамандар.

Сонымен қатар хайуанаттар бағының ауқымын кеңейту жоспарға енгізілген. Дегенмен бұл туралы әзірше нақты мәліметтер айтылмады.