Біздің күшіміз ынтымақ пен бірлікте

403
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірдегі мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктерінің өкілдері дөңгелек үстел басында өңірдің өзара іс-қимылы мен даму перспективаларын талқылады.

Облыс орталығында жуырда Рухани келісім күніне арналған "Қазақстан халқының рухани келісімі – ел дамуының негізі" тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов, облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшылығы және облыстағы діни бірлестіктер жетекшілері мен ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылардың баяндамалары тыңдалып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүрген діни бірлестіктердің басшыларына грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов атап өткендей, еліміздегі діни және рухани дәстүрлер Қазақстан дамуының ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы, әсіресе қоғам түрлі қауіп-қатерлерге тап болған кезде әрқашан тиімділігін және пайдасын көрсетіп келеді. Тәуелсіздікті алғаш алған сәттен бастап Рухани келісім толеранттылық пен ұлтаралық келісімнің жоғары деңгейін айшықтаған қоғам құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісіне айналды.
– Міне, 30 жыл бойы біз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған жолмен жүріп келеміз, – деп атап өтті ол. – Бұл бізді жоғары жетістіктерге жетелейтін бағыт деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің әрқайсымыз осы оң процестердің қатысушысымыз.
Жиында С.Аманжолов атындағы ШҚУ "Рухани жаңғыру" және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Владимир Шелепов "Қазақстан халқының рухани келісімі – елдің дамуының негізі" тақырыбында ауқымды баяндама жасады. Оның баяндауынша, біздің қоғамның дамуы, оның амандығы мен әл-ауқаты негізгі механизмсіз, яғни рухани келісімсіз жүзеге асырыла алмайды. Дәл осы сәттер Тұңғыш Президент – Елбасының құқықтық және әділ мемлекет құру жолындағы бастамалары мен стратегияларында айқын көрініс тапты.
– Рухани келісім күні – бұл бірлік пен кешірім, мейірімділік пен өзара түсіністік күні, – деп атап өтті "Шығыс Қазақстан облыстық Евангелиялық-Лютерандық Приход" жергілікті діни ұйымының жетекшісі Виктор Швабауер. – Ол барлық қазақстандықтар үшін маңызды. Бүгінде республикада 140-тан астам ұлт пен 18 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Аталған ұлттардың адамгершілік және рухани бірлігі елдің одан әрі өркендеуінің басты іргетасы екені даусыз. Біздің міндетіміз – осы дәстүрлерді сақтау және нығайту. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, біздің күшіміз тек қана бірлікте.
Сонымен қатар өз сөзінде "Родник" "Евангелиялық христиан баптистер шіркеуі" ЖДҰ жетекшісі Владимир Вольф елдің әрбір тұрғыны қоғамда өзара түсіністік, мейірімділік, амандық болуын тілейтінін атап өтті. Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы бұған ықпал ететініне, бұл біздің негізгі міндетіміз екендігіне тоқталды.
– Бүгінде бірлік, бауырластық, этносаралық келісім сияқты құндылықтар мемлекетіміздің басты игілігіне айналды. Қазақстан тәжірибесін басқа елдер қабылдап, қолдануда. Ел басшылығының қолдауының арқасында біздің қоғам үлкен жетістіктер мен табыстарға жетті. Баршаңызды осынау тамаша мерекемен құттықтаймын, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, облыстық "Халифа Алтай" мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай.
Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылдың қазан айында Елбасының бастамасымен Алматыда Бірінші дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткізіліп, онда түрлі конфессиялар, рухани мектептер, гуманитарлық Қоғамдық қозғалыстар өкілдері бас қосқан болатын. Содан бері Қазақстанда жыл сайын 18 қазанда Рухани Келісім күнін атап өту игі дәстүрге айналды.
Д.Қасенов