Бізге емделуге келіңіз!

294
көрілім

ШҚО еліміздегі медициналық туризмнің негізгі орталықтарының біріне айналуы мүмкін

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2018-19 жылдары Қытай, Ресей, Өзбекістан және т.б шетелдерден 145 емделуші, өзге аймақтардан 589 адам облысымызға емделу үшін келген. Оларды соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған 8 клиника қабылдайды. Келген пациенттерді ең алдымен роботты хирургия мен трансплантология орталықтары, гибридті нейрохирургиялық ота бөлмесі және басқалары қызықтырады.

- Емдеу көзі болып отырған Алакөл көлі, бұғы мүйізінен жасалған препараттар, түрлі дәрілік шөптер аймақтағы медициналық туризмнің дамуына үлкен мүмкіндік береді, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Раифа Сафиоллинова.

Медициналық туризмді қалыптастыруда халықаралық тәжірибе қолданылады. Алакөл жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орнын ашу жоспарланып отыр. Шығысқазақстандық дәрігерлер австриялық Грац курортында емдік сулардың қолданылуы жайлы арнайы даярлықтан өтті.

Ал Катонқарағай ауданындық ауруханасында «Алтай» демалыс орны ұйымдастырылуда. Бұл жерде емделушілер панто және фитотерапия емін қабылдай алады. Мұндағы дәрігерлер Қытай Халық Республикасындағы дәстүрлі медицина орталығында оқытылады. Демалыс орны бір уақытта, «Үш жұлдызды» қонақүйлерге 70 емделушіні қабылдай алады.

Облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасына елімізде қолданылатын медициналық әдістердің нақты тиімділігін зерттеуді тапсырды.

-Мұның аса тиімді екенін барлығымыз білеміз, бірақ қаншалықты жақсы? Мен алдағы 3-4 жылда облысымыз денсаулық сақтау саласында жетекші орыннан көрініп, жақсы көрсеткіштер көрсетуге тапсырма бердім. Бұл мақсатқа жететінімізге сенімдемін! Өйткені бізде бар медициналық құрал-жабдықтардың деңгейі өте жоғары, - деді Даниал Ахметов.