Бокстан ел чемпионаты Шымкентте өтеді

443
көрілім

Еліміздің бокс федерациясы тәуекел деп, шаршы алаң бәсекесін қараша айында өткізуді құп көріпті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сонымен биылғы бокстан ел чемпионатының өтетін орны деп, федерация Шымкент қаласын бекітті. Осындай мәлімет ұсынып отырған еліміздегі бокс парақшасы былғары қолғап бәсекесінің қараша айының 23-29-ы аралығында өтетіндігін жеткізді.

– Бұл шаһардың ірі додалардың өткізудегі тәжірибесі мол. Ерлермен қатар бұрымдылар да өзара кім мықтыны анықтайды. Чемпионаттың ойдағыдай өтетіндігіне сеніміміз мол, – делінген мәліметте.

Шымкент ел біріншіліктерін осының алдында 2017-ші жылы өткізген, араға екі жыл салып V Жазғы Спартакиаданы да қабылдады. Ел аумағындағы жұқпалы індет жағдайы әлі тұрақталмай тұрғандығына байланысты салыстырмалы түрде осы қала таңдалған көрінеді. Не дегенмен вирус жұқтырғандар саны өзге өңірлерге қарағанда азырақ. Осы ретте бокс сайыс ұйымдастырушылары қалалық бас санитарлық дәрігерден рұқсат та алған көрінеді.