Болат Салықбаев: «Көрген жоқпын арзан атақ-даңқ қуып, жүрегімде әділдіктің ақ туы»

1421
көрілім

Тілшінің қаруы қашанда – қалам. Сөз құдіреті арқылы жақсылықтың жаршысы, жамандықтың сыншысына айналған Болат Салықбаевтың журналистика әлемінде қанат қаққанына биыл 50 жыл толып отыр. Өзінің мансап жолында газет, радио, телевизия салаларында аянбай тер төккен, бұрынғы Марқакөл ауданының тумасы Болат Сағдаұлы Шығыс өңірінде зор құрметке ие. Қарымды қаламының ұшымен агроөнеркәсіп, мәдениет, білім сынды сан түрлі тақырыптар мен бұқара халықты толғандырған өзекжарды мәселелерді көсілте жазатын ардагер тілші «Өсиетпен өскен әулет», «Тағдыр мен тағлым» атты кітаптардың авторы. Жақында Болат ағамызбен жүздесіп, 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, сырлы сұхбат құрып қайттық.

Қызығы мен шыжығы мол журналистика саласына қалай аяқ бастыңыз?

Бұрынғы Марқакөл ауданындағы Қалжыр орта мектебінде оқып жүргенімде заңгер болуды армандайтынмын, бірақ менің басыма тілші болу бұйырыпты. 1967 жылы қараша айында Марқакөл аудандық «Маяк – Шамшырак» газетіне аудармашылық қызметке келдім. Газет редакциясында еңбек етіп жүріп, жазу ісін де меңгердік. 1971 жылы маған аудандық радионың жауапты редакторлық міндеті жүктелді. Жеті жылдан соң еңбек жолым Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде жалғасты. 13 жыл бойы осы газеттің Үлкен Нарын, Катонқарағай және Зырян аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқардым. Қалам тербеген негізгі тақырыбым байлығымыз бен ұлттық қадір-қасиетіміздің қайнар көзі – қарапайым ауыл тұрғындары мен еңбек адамдары жайлы болды. 1991-1993 жылдары аралығында Үлкен Нарын аудандық «Знамя труда – Еңбек туы» газетінде басшылық еткен соң, 10 жылдан астам ғұмырымды тележурналистика саласына арнадым. Шығыс Қазақстан аймақтық «Калкен» және «31 арна – Өскемен» телеарналарында қазақ редакциясының редакторы болып жүріп, көптеген көркем, мазмұнды телехабарлар мен телеочерктердің көрермендерге жол тартуына септігімізді тигіздік. Ал зейнет жасына дейін Халықаралық «Қазақстан – ZAMAN» газетінің Шығыс өңірі бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істедім.

Жұмыс барысында қандай қызықты оқиғалар болды?

Ақпараттың соңында жүріп талай қызыққа тап болдық. Әсіресе, сын материал жазған кезде түрлі жайттар орын алып жатады. «Коммунизм туы» газетінде еңбек еткен жылдары редакция маған «Катонқарағай ауданында халықты бақылау органдарымен бірге рейдке шығып кел» деп тапсырма берді. Сол кезде аудандық бақылау комитетінің төрағасы түрлі сылтаулар айтып рейдке қатыспай қойды. Сөйтіп, екі күн аралап жүріп, талай кемшіліктің басын шалдық. Содан дәл кетерде екінші хатшы мені өз бөлмесіне шақырып, түйеден түскендей «Не туралы жазасыз? Соны ақылдасайық» деді. Ойланбастан оған «Кешіріңіз. Мен сізге ештеңе айта алмаймын. Егер нені жазып, нені жазбайтынымды сізден сұрасам, осы рейдке не үшін қатыстым?» деп шығып кеттім. Артынан барып «Жұмыста қарқын, жарыста жалын жоқ» деген тақырыппен көзбен көрген барлық мәселелерді тізбектеп жазып шықтым. Оның арты үлкен дауға ұласқан болатын.

Қаламның ұшымен жәрдемге мұқтаж жандарға көмек көрсеткен сәттер де болды. Бірде маған қызмет барысында жарақат алып қалып, 6 ай бойы мемлекеттен жәрдемақы ала алмай отырған механизатор хабарласты. Бес баласымен отырған ер адамның әйелі де жұмыс істемейді екен. Осының салдарынан білдей бір жанұя жалаңаяқ жар, қызылаяқ қыр кешуге мәжбүр болған. Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін аудандық Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне бас сұқтым. Оның басшысы қойған сұрақтарыма жөнді жауап бермей қойды. Бұдан кейін Өскемен қаласындағы Төлем ортылығына қоңырау шалдым. Сөйтсем, барлық кінә аудандық Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде екен. Олар жәрдемақы тағайындалуы тиіс жұмысшының қағаздарын дұрыс рәсімдемей қойыпты. Осыдан кейін аталған мекемеге барып, бастығымен жолықтым да «Кінә сіздерде екен ғой. Енді маған өкпелемеңіз» дедім. Алдында ғана жер-көкке сыймай отырған бөлім басшысы «Бұл мәселені газетке жазбаңызшы» деп жалынды. Сол кезде оған «жәрдемақыға мұқтаж адамның қағаздарын ретке келтіруге жарты ай уақыт беремін» дегенді айттым. Осылайша, бір-екі аптадан соң механизаторға 6 айдың жәрдемақысы түсті.

Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

Мен ерте үйлендім. 22 жасымда Марқакөл аудандық «Маяк – Шамшырақ» газетінде бірге жұмыс істеп жүрген Нүриман екеуміз шаңырақ көтердік. Бағым мен бақытыма айналған зайыбым мені әркезде қолдап, рухани демеу көрсете білді. Ұрпақ сабақтастығын жалғастырар қызымыз бен ұлымызды тәрбиелеп өсірдік. Балдан тәтті, күннен ыстық, мамықтан жұмсақ көретін төрт немере мен бір шөбереміз бар.

Кірпияздылық, тазалық, ұқыптылық пен Болат Салықбаев егіз ұғым сияқты. Бұл қасиеттер бала күніңізден қалыптасты ма?

Менің әкемнің жаны тазалыққа жақын болған. Бұл қасиеттер маған сол әкемнен дарыды. Оқушы кезімде мектеп формасын сақтап, таза жүруге тырысатынмын. Классикалық үлгідегі киімдерді жақсы көремін. Жазда ақ, қыста қара кәстөм киемін. Көйлектің кәстөмге сәйкес келуі мен галстуктың түсіне үлкен мән беремін. Сондай-ақ, әрдайым ұқыпты жүруім жарым Нүриманның арқасы. Бір жаққа шығып бара жатқанда ол басы-аяғыма дейін қарап шығуға әркез дайын отырады. Егер жұмысқа бір күн көйлек киіп бармасам, барлығы таңқалып, «Болат аға, неге кәстөм кимедіңіз? Сізді танымай қалдық қой» деп күлетін.

Адам журналист болып туа ма, әлде еңбектің арқасында бұл мамандық иесі атануға бола ма?

Тілші болу үшін адамның бойында Құдайдың берген қасиеті болу керек. Менің ойымша, нағыз журналистің ең бірінші кезекте жаза білуі шарт. Содан соң, ол өзіне тағайындалған жауапкершілікті түсіну қажет. Журналисттің жан-жақты білімінің болуы да міндет. Осыған қоса, тілші өзінің болаттай берік ұстанымын қалыптастырғаны жөн. Өкінішке қарай, қазір газет пен тележурналистикада «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп жүргендер аз емес. Атын атап, түсін түспемей-ақ қояйын, бірақ сондайды көргенде қарным ашып, жанымды қоярға жер таппай қаламын. Тіпті кейбіреулер атақ қуамын деп мамандығын сатып, әкімдердің қолшоқпарына айналып кетеді. Өзімді мақтағым келмейді, бірақ әділетсіздікті, менсінбеушілікті көріп қалсам, мүлде шыдай алмаймын. Содан болар, билік тарапынан тағайындалған марапаттарға көп ие болған жоқпын. Ол үшін бармақ тістеп, еш өкініп көрген емеспін.

Шәкірттеріңіз жайлы айтып берсеңіз…

Көріп-білгенімді басқаға үйрету міндетім сияқтанып кеткендей. «Ұстаз шәкірттерімен мақтанады» демекші, Құдайға шүкір, ауыз толтырып айтатындай шәкірттерім жетерлік. Облыстық «Алтай» телеарнасының директоры Аида Жабағиева, облыстық «Дидар» газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрген Серік Әбілхан, «Хабар» телеарнасының ШҚО-дағы меншікті тілшісі Олжас Керейхан, сондай-ақ Берік Көшербаев, Досжан Омархан, Жанар Сабитова, Дәурен Аллабергенұлы сынды танымал тілшілердің ақпарат айдынында серпіле қанат қағуы үшін бағыт-бағдар бердік. Кешегі талапты оқушыларымның Алматы, Астана қалаларында республикалық, халықаралық газеттер мен телеарналарда өзіндік орнын тапқанын көргенде марқайып қаламын.

Қазіргі журналистика мен бұрынғы БАҚ-тың қандай айырмашылықтары бар?

Айырмашылық өте үлкен. Қазір бұрынғы кездері тыйым салынған тақырыптарда қалам сермеуге жол ашылды. Технолия қарыштап дамып кетті. Біз аудандық газетте жұмыс істеп жүргенде мақаланы механикалық машинамен тереміз деп азаннан-кешке дейін отыратынбыз. Ал қазір сандық технологияның арқасында тілшілердің барлық жағдайлары жасалған. Телевизия саласында желілік монтаж жасаған кезде бейнеқатарларды іріктеу үшін күні-түні еңбек ететінбіз, себебі сол жылдары тележурналистикада қазіргідей заманауи құрылғылар болған жоқ еді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ