Бозанбай ауылының тұрғындары аудан орталығына жету үшін Өскемен арқылы айналуға мәжбүр

7252
көрілім
Шартты фотосурет

Екі мыңнан астам тұрғыны бар ауыл жұртының елең етіп, аудан орталығына бет алғанда іштей «Аһ ұрып» келе жатқандарына талай жылдың жүзі болған. Аудан орталығына төте жолмен жету үшін, төзім, сабыр, шұрқ тесікке түсіп кетпейтіндей қырағылық қажет. Әйтсе де осыларды қалтқысыз орындап қашанғы жүреді олар? Сайт редакциясына Ұлан ауданы Бозанбай ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз Қасым Қайсенов кентіне апаратын тура жолдың қазір мүлде жүруге келмейтін жағдайға жеткендігін хабарлап, шағымданған еді. Аудан әкімдігінің пікірін біліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қыбыр еткен қимыл байқалмады

Қазір бозанбайлықтар іргедегі аудан орталығына жету үшін айналма жолмен жүруге көшкен. Сөздерінше, Бозанбай-Ұлан бағытындағы жолдың жөндеу көрмегеніне 15 жылдан асқан.

– Осыған дейін аудан орталығына апаратын жолға «Ұлан жолдары» аталатын серіктестік қиыршық тас төсеп, ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізген еді. Шамамен 2002-2004 жылдар кезінде болуы керек. Содан бері әкімдік тарапынан қыбыр еткен қимыл байқалмады. Тіпті есептеп қарасақ, сол бір белсенді әрекеттен бері 20 жылға жуық уақыт өтіпті, – дейді Өміржан Байтуов есімді зейнеткер (аты-жөні өзгертілген).

Зейнеткер аталған серіктестік жұмысының сапалы орындалғанын айта келе аудан басшылығы тарапынан тағы да бір сондай серпін күтетіндігін жасырмады. Алайда сол өтініш ескеріле ме? Бір қарияның ұртынан емес, барша бозанбайлықтардың атынан сөз алған ақсақалдың айтқаны аудан басшылығы мен жауапты тұлғалар құлағына жете ме? Әрине жол мәселесі әр ауданда өзекті проблема. Дей тұрғанмен тұрғындар аудан орталығына жету үшін Өскемен арқылы айналып жүру қалтаға едәуір салмақ салып, жанармай жағуда да едәуір шығын екендігін алға тартуда. Шағын ауыл деп шеттей алмаймыз. Аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілердің мәліметінше, Бозанбай ауылындағы тұрғындар саны – 2099 адам. Түрлі саладағы мекемелер мен орталықтар қызметі де өз деңгейінде орындалуда. Ал Өскемен арқылы Қасым Қайсенов кентіне жету үшін 38 шақырым жолды артық жүретін олар бөтен үйдің отына жылынғандай болған. Төте жолмен тартып отыру мүмкін болмағандықтан амалсыз айналма жолға иек артуда.

Бюджеттік өтінім жолданған

– Бозанбай-Ұлан ауылдары аралығындағы жолдың жөндеу көрмегені рас. Себебі бюджеттен қаржы бөлінбеді. Жалпы аталған бағыттағы жолдың 27 шақырымы жөндеуді қажет етеді, – дейді бөлім басшылығы.

Тұрғындар ағымдағы жөндеу жұмысының да қолға алынбағандығын жеткізген еді. Ал аудан әкімдігіндегілер аудандық жолдарды күтіп ұстау кезінде шұңқырларды жабу жұмыстары жүргізілгендігін мәлімдеді. Шешімі бар ма мәселенің? Тозығы жеткен тасжолдан дығыры мен ығыры шыққан тұрғындарға жылт еткен үміттің барын айта кетейік. Себебі қос ауылдың арасын жалғайтын жолдың жөнделуі облыстық қазынадан қаржы бөліну үшін бюджеттік өтінім нәтижесіне қарай қолға алынбақ. Әзірге өтінім төңірегінде жаңалық жоқ. Биыл аудан көлемінде екі ауылдық көшелердің және екі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген екен. Кестеге зер салайық:

 

Ауыл атауы

Бөлінген қаржы

1

Қасым Қайсенов кентіндегі көшелер

185,920 млн теңге

2

Таврия ауылындағы Қасым Қайсенов көшесі

31,170 млн теңге

3

Таврия-Каменка-Тройницкое жолының 10-30 шақырымы

343,693 млн теңге

4

Манат ауылына кіреберіс жолдың 20-32 шақырымы

294,578 млн теңге

 

Бөлінген қаржы қомақты. Жұрт нәтижесін күтеді. Осы уақытқа дейін аталған жолдардың 38 шақырымы жөнделіпті. Дей тұрғанмен Өміржан ақсақал аудан әкімінің есеп беруінде жолға бөлінген соманы естігендерімен сол ақшаның орынды жұмсалып жатқандығына шек келтірген еді. Мүмкін әр бөлімге жауаптылардың жауапсыздықтарынан туындайтын болар келеңсіздіктер. Сайып келгенде, немқұрайлықтың зардабын тұрғындар көріп те, біліп те отыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ