Бүгінгі таңда ХҚКО қандай қызмет көрсетеді? Қандай анықтамаларды үйден шықпай, электронды цифрлық қолтаңбасыз алуға болады?

493
көрілім
фото: ашық дереккөз

Қаңтар айынан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтарына жаңа қызмет түрлері қосылды. Бұдан былай наркологиялық, туберкулезге қарсы және психоневрологиялық анықтамаларды медициналық мекемелерден емес, ХҚКО-ға барып ала аласыз. Сонымен қатар, биылдан бастап зейнеткерлікті ресімдеушілер де осында баратын болды. Осыған орай біз ХҚКО мен "электронды үкімет" порталының қызметіне қатысты барлық сұрақтарды бір арнаға топтастыруға тырыстық. Ендеше назар салыңыз!

Қазақстанда қанша мемлекеттік қызмет түрінің барын барлығымыздың біле бермейтініміз белгілі. Оның нақты санын бізге "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы Өскемен қалалық №3 бөлімінің басшысы Еркежан Ибраимова айтып берді. Мемлекеттік реестрге сәйкес, елімізде 741 мемлекеттік қызмет тіркелген. Оның 604-ін ХҚКО арқылы алуға болады (жаңа жылдан бастап олар орталық емес, халыққа қызмет көрсету бөлімшелері болып аталды). Оқырман сауалдарына жауап беруге келіскен Еркежан Ибраимова бірқатар қызықты мәліметтерді айтып өтті.

 

Соңғы уақытта мені жиі ХҚКО-ға жіберетін болды. Жұмысқа тұруда, құжаттарды ресімдеуде, тұрғын үйдің жоқтығы, сотталамағаны туралы анықтама алуда, зейнетақы аударымдарын тексеруде ХҚКО-ға баратын болдық. Осы себепті бөлімшенің қанша қызмет көрсететінін айтып бересіз бе?

 

Жазира

 

- 600-ден астам қызметтің барлығын сізге тізіп айта алмаймын. Олардың тұрғындар арасында ең танымалы дегендері, мысалы мекенжай анықтамасын, сотталып-сотталамағаны туралы, зейнетақы аударымдары туралы анықтамаларды алу, жылжымайтын мүлікке деген құқықты (салынған ауыртпалықты) тіркеу, техникалық құжатын беру, баланың тууын тіркеу, баланы балабақша кезегіне, жер телімінің иелігі туралы ақпарат алу және тағы басқа да қызмет түрлері көрсетіледі.

ХҚКО ғимараттарында Көші-қон басқармасы көрсететін мынадай қызмет түрлері бар:

- Төлқұжат пен жеке куәлік беру;

- Уақытша жеке куәлік беру;

- Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, сондай-ақ тіркеуден шығару;

- ҚР аумағынан тыс жерге тұрғылықты кетіп бара жатқандардың құжаттарын ресімдеу.

Аталмыш қызмет түрлерін ХҚКО қызметкерлері емес көші-қон полициясының өкілдері көрсетеді. Осы себепті олардың жұмыс кестесі ХҚКО қызметкерлерінен бөлек. Атап айтсақ, олар жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, ал сенбі күні 9.00-ден 13.00-ге дейін қызмет көрсетеді.

 

Ақпан айында жүргізуші куәлігімнің жарамдық мерзімі аяқталады. Ал құжатты ауыстыру үшін психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдардың анықтамаларын алу қажет. Аталған анықтамаларды алу үшін медициналық мекемелерге жүгінген едім, ондағылар бұл анықтамаларды бұдан былай ХҚКО-дан алатынымды алға тартты. Сонда бұл қалай болғаны?

 

Архат

 

- Мұндай жаңа қызмет түрі бізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетіле бастады. Әр адам Халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне жүгініп жеке куәлігін көрсету арқылы қажетті анықтаманы ала алады. "Электронды үкімет" порталына шығып мұндай анықтамаларды үйден де алуға болады. Бұл бар-жоғы 15 минут уақыт алады. Бұрын аталмыш қызмет түрлерін алу ақылы болған, қазір ол тегін түрде көрсетіледі.

Портал арқылы қажетті анықтаманы қалай алу керектігін айтып берейін. Egov.kz порталына кіріп, "Денсаулық сақтау" бастырмасын таңдайсыз. Ол жерден өзіңізге қажетті қызметті таңдайсыз, мысалы - "Наркологиялық ұйымнан анықтама беру" дейік. Ары қарай тапсырысты электронды цифрлық қолтаңбамен немесе СМС арқылы жіберілетін кілт сөзбен растайсыз. Сонан соң анықтаманың өзіңіздің жеке кабинетіңізде пайда болуын күтесіз ("Қызмет алу тарихы" бөлмінен).

 

Баланың туу туралы куәлігін алуға тапсырысты телефон арқылы беруге болады деп естідім. Мұны перзентханадан шықпай тұрып жүзеге асыруға болатын көрінеді. Бірнеше жыл бұрын өз балаларыма туу туралы куәлік алған кезде мұндай болмап еді. Ол кезде менің өзім немесе күйеуім ХҚКО-ға міндетті түрде барып, анықтамаға тапсырыс беретінбіз (Балалардың басқа туыстары, жақын ата-апасы барса да оларға анықтама берілмейтін). Қазіргі уақытта аталмыш жұмысты қалай жеңілдетті?

 

Нұргүл

 

- Егер сіздің телефоныңыз мобильді деректер базасында тіркелген болса, сәбиіңіз туған соң сізге құттықтау хабарламасы келіп, "балаңызға электронды форматта туу туралы куәлігін тапсырыс беруді қалайсыз ба?" деген сауал ойылады. Егер келіссеңіз, жүйе ары қарай сізден басқа қажетті деректерді (баланың аты-жөні мен тегін, жынысын, ата-анасының және басқа да деректерді) сұрайды. Толтыратын сұралым сіздің телефоныңызға түсетіндіктен, ұялы телефоныңызбен перзентханада жатып-ақ тапсырыс бере беруіңізге болады! Қазір босанған әйелдерге аталмыш тапсырыс тіптен жеңіл болуы үшін біздің мамандар күн сайын перзентханада отырып, жас аналарға баласының туу туралы куәлігін алуға тапсырыс беруге көмек көрсетеді. Аталмыш қызмет проактивті қызмет деп аталады. Осында әдіс арқылы бала туғанда берілетін жәрдемақыны, баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны, сондай-ақ баланы балабақшаға кезекке тұрғызуды ресімдетуге болады. Бұл жердегі басты талап — ұялы деректер базасында тіркелген болуыңыз қажет.

 

Редакция сауалдары:

 

Электронды цифрлық қолтаңбасы жоқ азаматтарға не істеуге болады? Ол жоғалып қалуы мүмкін немесе оның жарамды мерзімі өтіп кетуі ықтимал, кейбір азаматтар оны қолдануды білмейді.

 

- Мұндай жағдайлардан да шығудың жолы бар. Қызметті тек электронды цифрлық қолтаңба арқылы ғана емес, сондай-ақ СМС-хабарлама арқылы келетін бір реттік кілтсөзбен де алуға болады. Мұның барлығы өте қарапайым. Ол үшін сіз бір рет қана Халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне келіп, ондағы қызметкерлерге өзіңіздің телефон нөміріңізді ұялы байланыс деректерінің базасына қосуды сұрайсыз. Бар болғаны осы. Бұл сізге электронды қызмет түрлерін электронды цифрлық қолтаңбасыз алуға мүмкіндік ашады. Ол үшін сіз электронды тапсырыстың соңына өзіңіздің ұялы телефоныңыздың нөмірін көрсетуіңіз керек. Оған бірнеше минут ішінде СМС-хабарлама арқылы кілтсөз жіберіледі. Барлық әрекет алгоритмін көзбен көрмей айтып жеткізу мүмкін емес. Бұларды айтып түсіндіргеннен гөрі көрсеткен әлдеқайда жеңіл. Бірақ ол жердегі бос жолға СМС-хабарлама арқылы келген кілтсөзді енгізу өте оңай. Егер бір нәрсе түсініксіз болса біздің қызметкерлер көмек көрсетуге қашан да дайын. Мен әр азаматқа уақыт тауып, бір сәт "электронды үкімет" порталына үңілуін өтінемін. Көпшілік порталға кірген сәттен бастап онда қалай жұмыс істеуді бірден түсініп алады.

 

Сонда электронды цифрлық қолтаңбаның қажет болмай қалғаны ма? Егер азамат өзінің телефонын ұялы байланыс деректеріне тіркеп, барлық қызметті бір реттік СМС-хабарламамен келген кілтсөз арқылы алатын болса?

 

- Барлық қызмет емес. СМС-хабарлама арқылы жіберілетін кілтсөзбен тек 40-тан астам мемлекеттік қызмет түрін ғана алуға болады. Олар ең көп қажет етілетін мекенжай анықтамасы, баланы балабақша кезегіне қою, наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы ұйымдардың анықтамалары сияқты қызметтер. Ал электронды цифрлық қолтаңба арқылы алынатын мемлекеттік қызмет түрлері бұдан әлдеқайда ауқымды.

 

Халыққа қызмет көрсету бөлімшелерінде жақында пайда болған басқа қызмет түрлері бар ма?

 

- Ия бар. Оның бірі тіркелген адамдар туралы мекенжай анықтамасын беру. Тұрғындар мұны "электронды үй кітапшасы" деп атап алған. Мысалы, меншік иесі нақты мекенжайда тіркелгендер туралы мекенжай анықтамасына тапсырыс бере алады. Мұндай анықтаманы мүлік иесі немесе осы мүлікте қандайда бір үлесі бар адам "электронды үкімет" порталы арқылы ала алады.

Тағы бір жаңадан енгізілген қызмет - "тіркеуден шығару" қызметі. Анықтап айтсақ, сіз пәтеріңізді жалға бересіз делік. Ал адамдарды пәтерге уақытша немесе тұрақты түрде тіркеу үшін сіз пәтер жалдаушыларыңызбен бірге Халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне баруыңыз қажет. Ал енді оларды тіркеуден шығару үшін бөлімшеге барудың қажеті жоқ. Тек "электронды үкімет" порталына кірсеңіз болғаны. Енді бұл қызмет онлайн режимінде көрсетілетіндіктен мүлік иесінің ХҚКО-ға баруының қажеті жоқ. Ол үшін порталда қызмет түрі мен жылжымайтын мүлік орналасқан аймақты таңдайсыз. Нәтижесінде мүлік иесі азаматтардың тіркеуден шығарылғаны туралы дайын құжатты алуы керек (мұны жеке кабинетіңіздегі "қызмет көрсету тарихы" бастырмасынан көре аласыз). Ал тапсырысты мақұлдау үшін Халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне барудың қажеті жоқ.

2018 жылдың қазан айында үшінші жаңа қызмет іске қосылған болатын. Зейнет жасына жеткен қазақстандықтар үшін зейнеткерлікті ресімдеу тәртібі бірқатар дәрежеде жеңілдетілді. Бұрын зейнетақы төлемдерін тағайындату үшін үш түрлі өтініш жазылатын (мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасы бойынша зейнетақы төлемін және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төлемін тағайындату үшін). Енді халыққа қызмет көрсету бөлімшелерінде бір ғана өтініш жазып үш төлемді тағайындатуға болады. Тағы бір айта кетерлік жайт, зейнеткерлікті ресімдеу үшін жиналатын құжаттар тізімі өзгеріске ұшыраған жоқ.

 

Мобильді Халыққа қызмет көрсету бөлімшелері қай аудандарда, қандай тәртіпте жұмыс істейді? Мобилді қызмет көрсету бөлімшесінің белгілі бір ауданға келу кестесін қай жерден көруге болады?

 

- Мобильді ХҚКО стационарлы бөлімшесі орналасқан елді мекеннен 40 шақырымнан кем емес қашықтықта орналасқан ауылдардың барлығына барады. Олардың тізімі мынадай:

- Абай ауданында — Құндызды, Бөрілі, Қасқабұлақ ауылдары;

- Күршім ауданында — Қалжыр, Боран ауылдары;

- Бородулиха ауданында — Зұбаир, Петропавловка, Новопокровка ауылдары;

- Жарма ауданында — Әуезов кенті мен Шалабай ауылы;

- Үржар ауданында — Ақшоқы ауылы;

- Глубокое ауданында — Первомайка ауылы;

- Ұлан ауданында — Привольное, Бозанбай, Асубұлақ ауылдары.

Мобильді ХҚКО-ның ауылдарға бару кестесін мемлекеттік корпорацияның порталынан немесе аудан, қала әкімдерінің ресми сайттарынан көруге болады.

 

Ерлен ОСМАНОВ

 

 

Қоса кетсек:

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалы қызықты статистикалық деректерімен бөлісті. "Электронды үкімет" порталында және Халыққа қызмет көрсету бөлімшелерінде азаматтар жиі мекенжай анықтамасын алатын көрінеді. Атап айтсақ, өткен жылы аталмыш анықтаманы алуға 462 756 рет тапсырыс берген.

Екінші орында тұрған қызмет — электронды цифрлық қолтаңбаға деген тапсырыс. 2018 жылы электронды цифрлық қолтаңба алуға 400 мың шығысқазақстандық жүгінген. Үшінші орынды жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі алады. Аталмыш қызметті алу үшін тұрғындар 108 677 рет өтініш түсірген.

Фото: ашық дереккөз