Бұқтырма өзені биылғы жылы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылына қауіп төндіруде

1028
көрілім
Фотосурет Шыңғыстай ауылының тұрғындарынан алынды.

Бірде жағадан жылыстап, бірде жақындайтын асау өзен Бұқтырма биыл да тосын мінез көрсететін сыңайлы. Жылда көктем келе ернеуінен асып-таситын тау өзені көпірлерді ағызып, елдің қора-қопсы мен бау-бақшасын қопарып, одан қалса жолдың жағалауға жақын жатқан бөліктерін опырып, ауыл-аймақ тұрғындарының есін әбден шығарады. Биыл бұл мәселені Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылының тұрғындары айтып, дабыл қағуда. Жағаның жарқабағын су шайып, қора-қопсыны қопаруға сәл-ақ қалған өзен жағалауына қажетті мөлшерде қаржы құйылмайтынын алға тартқан шыңғыстайлықтар биылғы жылдан үлкен үміт күтетіндіктерін жасырмады.

Қауіп төндіруде

Ар жағы Қытай, Ресеймен шекаралас жатқан аттас Бұқтырма көлінен бастау алатын тау бұлағы төмендей келе Қалмақшы, Қара және Ақберел одан қалса, Қарасумен толығып түбіне қойтасты қоймай дөңгелетіп әкететін асау өзенге айналады. Қызылжұлдыз ауылынан аса екі арнаға айырылып Шыңғыстай мен Аққайнардан күнбатысқа қарай қайта қосылады. Өзеннің Шыңғыстайға қауіп төндіретін арнасы жергілікті биліктің осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізген бөгеу жұмыстарынан соң теріскейге ауып, Аққайнардың іргесіндегі қалың жыныс ішімен ағатын болған. Дегенмен, соңғы жылдары өзен ескі арнасын қайта тапты. Осы ретте тұрғызылған бөгеннің біраз уақыттан соң-ақ сыр бергенін айтқан ауылдықтар биыл да асау өзен мінез көрсете ме деп қауіптеніп отырғандарын жасырмады.

- Әкімдік қызметкерлері біраз жыл бұрын бюджеттен қаржы бөліп, жағаны бекіткен болып еді, онысынан қайыр болмады, - дейді Зейнолда Бектемісов (аты-жөні өзгертілген) есімді ауыл тұрғыны. - Жайшылықтағы ағысының өзі дес бермейтін тау өзені тасығанда асау жылқыдай мүлдем тізгін бермей кететіні белгілі. Биыл да солай болайын деп тұрған сияқты. Бұқтырманың негізгі арнасы ауылдың іргесіне қарай ауып, жағаға жақын орналасқан көшенің үй-жайларына қауіп төндіруде.

Жалғыз қаламын ба?

Өзенмен аттас Бұқтырма деп аталатын көшенің тұрғындары табиғаттың тосын мінесіне төтеп бере алмай, көшіп кетудің аз-ақ алдында отырғанын айтқан оқырманымыз, алдағы бірнеше жыл көлемінде аталмыш көшенің абориген тұрғынына айналатынына сенімді.

- Көршілерім біртіндеп көшіп кетіп жатыр, - деп сөзін жалғады ол. - Болашақта осы көшенің жалғыз тұрғыны болып қалатын түрім бар. Қазірдің өзінде өзен суы шайып кеткен жарқабақтан аула қоршауларының жартысы құлап қалған. Енді екі аттаса өзеннің үйіме де жетіп қалатын түрі бар. Бұқтырма бір түнде арнасынан асса ұйқыда жатқан бізді ағызып әкете ме деп үрейленетін болдық.

Ауыл-аймақ тұрғындарына бір қайыр жасалмаса, онсыз да қобалжып отырған ауылдықтарды ұстау мүмкін болмай қалатынын айтқан ауыл тұрғыны, Шыңғыстай Катонқарағай ауданындағы іргесі әлі де сөгіле қоймаған ауылдардың бірі екенін тілге тиек етті.

Қаржы қарастырамыз!

Катонқарағайдағы ең ірі су торабы болып саналатын Бұқтырма ауданның 14 елді мекенін жанай ағатынын хабарлаған Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков, аталмыш өзеннің көктемгі су тасқыны кезінде және сең жүру уақытында Шыңғыстай, Сенное және Барлық ауылдарына көбірек қауіп төндіретінін айтады.

- Ағымдағы жылы Барлық ауылында жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу жоспарланған, - дейді Жанболат Батталұлы. - Бұдан бөлек аудан аумағында Нарын, Сурка, Көктерек, Коробиха, Сарымсақты, Солоновочка өзендері де көктемгі су тасу маусымында елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Бұқтырма өзенінің биыл көпірлердің ағызып әкету қаупі жоқ.

Бұқтырма өзенінің Шыңғыстай ауылының тұсынан ағып өтетін жағалауына 2012 жылы бекіту жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған аудан әкімінің орынбасары, бүгінгі күні жағалауды бекіту мақсатында тұрғызылған құрылыстардың бұзылмағанын айтады.

- Салынған бөгеттің жоғарғы жағынан өзен жаңа арна салып, жылдан-жылға ұлғайып келеді, - дейді ол. - Осының салдарынан Шыңғыстай ауылындағы Бұқтырма көшесінің аяқ жағындағы үй-жайларға қауіптің бары рас. Десек те, биылғы жылы Бұқтырманың аталмыш ауылдың тұсындағы жағалауын бекіту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық бюджетке сұраным әзірленуде.

***

Жалпы, биылғы жаз маусымы ылғалды болмақ. Мамыр айының соңын ала маусымның басына қарай ғана жіпситін тау бөктерлері биыл көкек айы аяқталар-аяқталмаста басталды. Мамырдың бел ортасына дейін толастамайтын жауын-шашын биылғы жылы Бұқтырманы арнасынан асыратын сыңайлы. Мұны түсінген жергілікті билік болса, болуы мүмкін табиғи апаттың алдын алуға алдын ала қамдануы қажет. Бұл жұмыстар әсіресе, жаңағы айтқан Шыңғыстай, Сенное және Барлық ауылдарының маңында бірінші кезекте ұйымдастырылуы керек. Үстіміздегі жылы Бұқтырманың Барлық ауылы тұсындағы жағалауы жоспарлы түрде жөнделсе, Шыңғыстай ауылының маңындағы бөлігіне қаржы қарастырылып жатқан көрінеді. Қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған билік болса, мұны кешіктірмей қолға алып, қажетті қаржыны бөледі деген үміттеміз. Ендеше, әліптің артын бағайық, ағайын!

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ