Бұл Өскеменге жасаған ең соңғы сапарым болмас - Асанәлі Әшімов

2050
көрілім

Екі күннен бері еліміздің Еңбек ері, КСРО және ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған "Жаңа ғасыр" театрының өнерпаздары түрлі қойылымдар сахналады. ШҚО Драма театры қала тұрғындары мен қонақтарын мәдениет ошағына қайта жинаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасына айналған жан Шығыс жеріне тұңғыш рет ат ізін салып отырған жоқ. Бұл жолы 85 жас мерейтойын атап өту аясында жасалған қадам. Жасы жиырманың жуан ортасын аралаған шағында Бұқтырманың бойында түсірілген "Асау Ертіс жағасында" фильмінде басты рөлді сомдады. Бұл туралы айтар естелігі толастар емес. Десе де алдымен осы жолғы Өскемен сапарына қысқаша тоқталайық. Асанәлі Әшімовтің жөні бір бөлек, облыстық Драма театрына асыққандар кеше-бүгін көпшіліктің қызу талқысына түскен 5:32 сериялының актері Қуаныш Құдайберген мен "Жаңа ғасыр" театрының белді өнерпазы Қасым Демеуді көріп, жаңаша әсер алды. Қолына пышақ ұстап, адамды бауыздаудан тайынбаған қаскөйдің рөлін ойнаған Қуаныш Құдайбергенді бірден тану қиын. 5:32-дегідейді мұрты жоқ, шашы өсіп, классикалық киім киген. Қылмыскердің рөлінен жайдары мінезді кейіпкер образына ену қалыпты жағдай деді. Қарбалас қойылымдар арасында Асанәлі Әшімұлы, "Жаңа ғасыр" театрының көркемдік жетекшісі Бақыт Көбеков және жоғарыда аталған жас актерлердің қатысуымен өнерсүйер қауымға арнап, жиын өткізілген еді. 
- Бірінші Оңтүстік, сосын Батыс өңірін араладық. Театрдың өмірі мен айнасы - көрермен ғой. Қай жерде кемшілік кетті, бағытымыз қалай екенін бағамдайтын халық. Шығыс өңіріне келсек, талантты жандар жетерлік. Рүстем Есдәулетовтің сіңірген еңбегі зор, Өскемендегі театрдың еңсе тіктеуіне сүбелі үлес қосты. Гастрольдерге жиі шығып, спектакльге түрлі тұздық қосуға тырысатын. Алайда жарық дүниемен ерте қоштасты, - деді Қазақстанның Халық әртісі.
Құрылғанына бес жыл болған "Жаңа ғасыр" театрынан айрықша үміт күтетінін жасырмады. Барлығын балаларынан кем көрмейді. Әртүрлі аймақтардан жиналған жастар кей қойылымдарға өздері жетекші болып, қабілеттерін түрлі бағытта сынап жатқан көрінеді. Театр ұжымы болып Өскеменге алғаш келген. 

Асанәлі Әшімұлының рөлінде Қуаныш Құдайберген, Майра Айманованың рөлінде Назерке Нағайбаева


- Театрдың қазіргі корифейлері осылар. Кейін бұлар да бүгінгі күнді еске алып отырады. "Кезінде Шығысқа барғанда қыс қатты болып еді" деп айта жатар. Бұл да бір тарих қой, - деді Асанәлі Әшімов.
Қуаныш Құдайбергеннің сөзінше, жастар ұжым болып бас қосуды 2017 жылы ойластырып, идеяны араға жыл салып жүзеге асырған. Күні бүгінге дейін әралуан қиындықтар көлденең шыққанын, бірақ талантты жастар театрдағы түйткілдерге еш мойымайтындықтарын жеткізді. Өскеменге төрт спектакль алып келіпті: "Соңғы қоңырау", "Арыстан патша", "Жарқанат" және Асанәлі Әшімовтің шығармашылығы мен өмірбаянына арналған "Тағдыр тақтасы" драмасы. Соңғысы сенбінің кешінде, кешкі сағат 19:00-де сахналанды. Ал оған дейін қазақ киносының алтын қорында қалатын туындылар түсіру үшін не істеу қажет екендігіне жауап берді меймандар. Алдымен театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Көбеков сөз алып, мұның түйіні көркемдік жағын көтеру арқылы шешіледі деп келте қайырды. Тек осы жағын тағы қуыра түссе, нәтижесі көп ұзамай-ақ байқалады деді.


Арада аз уақыт өткенде "Тағдыр тақтасының" бөгеуі ағытылды. Әр адамның ғұмыры түрлі қалтарыс-бұлтарыспен сабақтасып жататынын ескерсек, Асанәлі Әшімовтің де қуанышты һәм қайғылы өмір белесі айқын бедерленген бұл спектакльде. Аты да айтып тұр, автобиографиялық. Қуаныш Құдайберген мен Демеу Қасымбек еліміздің Еңбек ерінің образын сомдады. Шаттық мезеттен бірден трагедияға ауысқан кез көпшілік көзіне жас келтірді. Жұбайы Майра Аймановамен жолыққан сәтті, өнерде өрге басқан кезеңдер және күтпеген жерден дертке шалдығып, соңында бақиға аттануы Асанәлі Әшімұлына ауыр соққы болып тиген. Анасынан айырылған қос ұлы Мәди мен Сағи Әшімовтер де әкесін жалғанда жалғыз тастап кетеді. Спектакль барысында осының барлығы нақты уақытпен, қандай жағдайда қайғы келгені қаз-қалпы көрсетілді. Қойылым соңында кино мен театр тарланының төртінші жарымен жолыққаны, 70 жасында қайта әке атанғаны айтылды. Автобиографиялық драманы барынша көркемдеп ұсынған режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың еңбегін айта кеткен орынды.
Қойылым бітіп, театр мен кино саңлағына облыс әкімдігі тарапынан сый-сыяпат көрсетілді. Артында тұрған шәкірттерінің ыстық ықыласын байқау қиынға соқпады. Асанәлі Әшімұлы қазақ болып туғанына қуанатынын өлең шумағымен өрнектеп жеткізді, Шығыс жұртымен қауышқанына бек қуанышты. 
- Бұл - менің өнерді ең алғаш бастаған өңірім. Сонау жиырма жасымда осы жақта алғашқы басты рөлімді сомдаған едім. Ел-жұртпен танысып, қаншама жаңа дос таптым. Қазір артымда тұрған жастардың жетекшісі әрі ұстазы ретінде еңбек етіп келеміз. Айттық, жөнге салдық, бағыт бердік. Бұлар театрдың ішкі асүйін жіті түсініп, қиыншылықтарға әбден бой үйретті. Бұл Өскеменге жасаған ең соңғы сапарым болмас. Басымыз жас қой, әлі талай келерміз, - деп жымия үн қатқан актер көрермендерге риясыз алғысын жеткізді. 

Әділхан ЕСІМХАНОВ