Cемейде алаяқ зейнеткерді 1 млн теңгеге шығынға батырды

844
көрілім
Шартты фотосурет

Семей қаласында 73 жастағы зейнеткерді құндыз тон сатамын деп алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қарт кісінің үйіне келген бейтаныс әйел құндыз тон сататындығын айтып 950 мың теңге сұраған. Ойына еш секем келмеген зейнеткер оған сұраған ақшасын бере салды. Алайда арада біраз уақыт өтсе де тапсырысын ала алмаған. Ал жымысқы ойын іске асырған алаяқ телефонға жауап беруін қойды. Сол кезде тұзаққа түсіп қалғанын түсінген әже құқық қорғау органдарына хабарласып, арыз жазған.

– Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. 34 жастағы жұмыссыз әйел өз кінәсін мойындап отыр. Ол ақшаны жұмсап үлгерген, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.