Церебральді сал ауруына шалдыққан жерлесіміз өз кәсібін ашпақ

296
көрілім

Церебральді сал ауруына шалдыққан жерлесіміз Айғаным Ермекова кір жуу және тазалау компаниясын ашпақ, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Айғанымның армандарын жүзеге асыруға денсаулығына байланысты қиындықтар кедергі бола алмайды. Бірнеше ай бұрын ол «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқып, жаңа бизнес-идеяларын дамыту үшін 505 мың теңге көлемінде несие алды. Бұл сомаға салмағы 12 килограмм болатын жартылай кәсіби кір жуғыш машина мен кептіргіш құралдарын сатып алған. Болашақта тағы бір машина алуды жоспарлап отыр.

Анасының айтуы бойынша, қыз қосымша ақшаға үтіктеу құралдарын да сатып алған. Киімдерді үтіктеп, жөндей алады.

- Қаланың бір кәсіпорны бізге көмектесіп, кәсібімізді бастау үшін жертөледен орын беріп отыр. Қазір ол жерді тазалап, жөндеп, электрмен және сумен қамтамасыз етіп қойдық. Жабдықтар да орнатылды. Енді аздаған жұмыстар қалды, - дейді Сәуле Қамзақызы.

Айғаным кәсіпорынға ерекше қажеттіліктері бар жандар арасынан жұмысшы алуды ұйғарып отыр.

- Сонымен қатар Айғаным «Сенің мүмкіндігің» («Твой шанс») атты «тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар қоғамы» қоғамдық бірлестігін ашты. Бұл мәселеде оған демеушілердің көп көмегі тиді. Жаңа кәсіпорынға мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алғысы келеді, - дейді Айғанымның анасы.

Айғаным паралимпиадалық спорт және жеңіл атлетика бойынша ШҚО құрамасының мүшесі. Қазіргі уақытта ол кезекті жарысқа дайындық үстінде.