Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да киберспорт кабинеті ашылды

647
көрілім

Бүгін Өскемендегі іргелі оқу орындарының бірінде өңірдегі жалғыз әрі техниканың тілін меңгеруге бейім жастарды баулау мақсатында заманауи оқу зертханасы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Соңғы уақытта аталған университеттің IT саласындағы ілгері қадамдауы айқын байқалады. Білім ордасының ректоры Сәуле Рахметуллина оқу жылының басталуына орай өткен жиында биыл студенттерді көптеген жаңашылдықтар күтетінін, Google күні қарсаңында 416-шы аудиторияны киберспортқа арнап ашатындықтарын айтқан еді. Бүгін сол жоспар орындалып, жоғары оқу орнының 4-ші қабатында салтанатты шара өтті. Университет басшысы Сәуле Рахметуллина сөз салып, жобаның іске асуына негіз болған орталықтарға алғысын жеткізіп, кабинет ерекшелігіне тоқталды. Айтуынша, осындай мүмкіндіктерден соң стартап жобаларға ден қойып, материалдық-техникалық база тұрғысынан да алға басушылық байқалады.

ШҚТУ бірнеше жылда бері HUAWEI, Oracle сияқты халықаралық компаниялармен серіктес. Бұл тұрғыдағы байланыс шеңбері әлі де  кеңейіп жатқан көрінеді.

Шынымен де, қазір кешенді-виртуалды ойындар құлашын кеңге жайып келеді. Сәуле Рахметуллина оқу зертханасының көңілі соққан кез келген студент үшін есігін айқара ашатынын жеткізді. Оған қоса, Google компаниясына жұмысқа тұрған жерлестеріміздің жүріп өткен жолдары мысал етіліп, залда отырған IT мектеп-лицей оқушылары құлшыныстары ояна бастаған. Әйткенмен оған дейін бірнеше спикер сөз алып, стартап жобалардың алғышарты мен осыған қатысты кейбір мәселелерге тоқталды.

– Қазіргі жаһандану кезінде 4.0 индустрия бизнес-үлгісіне көшу жиілеген. Көп университеттерде біліктілігі жоғары мамандар мен кадрлар дайындау басшылықта тұрады, ол орынды. Десе де студенттердің бойында кәсіпкерлік қызығушылықты да ояту күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қазір жер-жерде IT мамандарының тапшылығы байқалады. Оларға сұраныс артып келеді. Осы орталықтың ашылуына қарап, IT саласының өміршеңдігі ұзақ болатыны сөзсіз, – деді Астана Хаб халықаралық технопарк өкілі Әзиз Төлеумұратов.

Ал Nazarbaev University-дің стартап-координаторы Болат Сұлтанғазин ШҚТУ-дағы киберспорт кабинетінде отырғандар арасында кемі үш-төрт адамның алдағы уақытта миллионер атанулары мүмкін екендігін айтты. Әрине, тер сіңдіріп еңбектену осыған жетелейді.

– Бұлай айтып отырғанымыз бесенеден белгілі жайт болар, дегенмен техникалық-кәсіптік білім беретін осындай университеттер көп таланттың жолын ашады. Мұнда тапсырма беріледі, оны орындап үлгеруге уақыт та ұсынылады. Жалтарып кету қиын. Табанды еңбек арқасында бірі болмаса да, бірі қолға алған істі соңына дейін аяқтайды, – деді Болат Сұлтанғазин.

Осы кезде жоғарыда жазғанымыздай, Google компаниясына жұмысқа кірген өскемендік Айсұлу Хайдарқызына сөз берілді. Оның сөзінше, бүгінгі ашылған киберспорт және геймификация кабинетінде небір ауқымды сайыстардың өтетіндігі анық.

– Мұндай тәжірибе оқып жатқандардың қызығушылығы мен ынтасын арттырады. Осылайша, кез келген материалды жаңаша сипатта қабылдауға мүмкіндік туындайды. Мұндай орталық білім беру саласы бойынша әлемдік трендке айналуы әбден мүмкін деді, – ол.

Жоба бойынша қолдау көрсеткен жандар лебіздерін жеткізген соң киберспорт бәсекесі де алауын жақты.