Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлар кезінде халықты ескертетін дабыл жүйелері ескіріп кеткен. Бұл құрылғылар 1986 жылдан бері жаңартылмаған екен. ШҚО ТЖД басшысы Нұрлан Мадьяровтың айтуынша, келесі жылдан бастап заманауи дабыл жүйесі кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Нәтижесінде Өскемен қаласында 10 сиреналық-сөздік қондырғы мен теле-радиохабарды үзетін арнайы құрылғы орнатылмақ.
15 миллион бөлінген
Жуықта облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Мадьяров халық алдында есеп берді. «Ертіс концерт» мекемесіне жиылған 500-ге жуық бұқара өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
– 2019 жылдан бастап заманауи дабыл жүйесі кезең-кезең бойынша енгізілмек. Дабылдың дауысын естіген адам бірден теледидарды қосып, ақпаратты тыңдау қажет. Жаңартылмағанына 30 жылдан астам уақыт болған дабыл жүйесі ескіріп кеткен. Сондықтан бізге цифрлық технологияға негізделген жаңа жүйені орнатқан абзал. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 15 миллионнан астам қаржы бөлді. Бастапқы кезеңде облыс орталығында 10 сиреналық-сөздік қондырғы мен теле-радиохабарды үзетін арнайы құрылғы іске қосылатын болады. Жаңа қондырғылар төтенше жағдайлар қаупі бар нақты аумақты хабардар етуге мүмкіндік береді. Бұл өте ыңғайлы, – дейді Нұрлан Әбілбайұлы.
Алдын алу үшін…
Халықты табиғаттың тосын мінезінен қорғаудың маңызды және тиімді құралдарының бірі – апатты болжау және жұртты алдын ала хабардар ету. Мониторинг жүргізудің бірнеше жолдары бар: метеорологиялық, гидрологиялық және ғарыштық. Осы үш әдісті де ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті қолданып отыр.
Сонымен қатар «ШҚО ТЖД ескертеді» мобильді қосымшасы ең бірінші болып біздің өңірде іске қосылған. Бұл қосымшаны Андроид және iOs жүйелерінің смартфондары жүктей алады. Осының арқасында сіз ауа райына байланысты жабылған немесе ашылған көлік жолдары, мектептегі сабақтардың тоқтатылуы, дауыл ескертуі, жер сілкінісі, көшкінге бейім аудандар туралы жедел ақпарат ала аласыз. Бұдан бөлек, мобильді қосымшада әр түрлі қиындыққа тап болған адамның құтқарушыларды шақыруына мүмкіндік беретін «Sos» функциясы бар.
– 2018 жылы біз су тасқынының алдын алу үшін қар жамылғысын бақылау мақсатында Ғарышқа мониторг жүргізу қызметінің ұлттық операторымен келісім-шартқа отырдық. Олардың ақпаратына сәйкес облыстық ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдай болмас үшін бірқатар алдын алу іс-шараларын әзірлеп, жүзеге асырады, – дейді Нұрлан Мадьяров.
Мысалы су тасқыны қауіп-қатерін болдырмауға және алдын алуға бағытталған «Жол картасы» бойынша жоспарланған 80 шараның бүгінде 43-і жүзеге асырылған. Су тасқынының қаупі 14 елді мекенде жойылды, атап айтқанда: Риддердегі Бутаково ауылы, Абай ауданындағы Саржал, Құндызды, Көкбай ауылдары, Аягөз ауданындағы Қопа ауылы, Жарма ауданындағы Жаңаөзен ауылы, Зайсан ауданындағы Кеңсай, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдары, Катонқарағай ауданындағы Берел, Ақсу, Катонқарағай ауылдары, Күршім ауданындағы Күршім ауылы. Сондай-ақ басқа 13 елді мекенде тасқын қаупі азайтылған.
– Қазіргі уақытта топан судан зардап шеккен Аягөз, Глубокое, Зырян аудандары мен Семей, Шемонаиха қалаларындағы 87 отбасыға жаңа баспана сатып алынды. 728 тұрғын үй жөндеуден өткізілген. Қысқы және көктемгі кезеңде төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында департамент Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, төрт мыңға жуық адам күші мен екі жүзден астам көлік дайындап қойды. Жаңа заманауи жабдықтар да алынған. Нақты айтқанда, ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті республикалық бюджет қаражатына 10 автоцистерна мен 4 қосалқы техника алды. Жол талғамайтын көліктер облыстың аудандарына үлестірілді, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.
Бұдан бөлек, адамдарды табиғи апаттардан құтқару үшін Өскемен қаласындағы әуежайда «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы сақадай сай. Құтқарушылар өрт сөндірумен ғана айналыспайды, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, жол апатына тап болғандарға көмек көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, биылғы жылы құтқарушылар 6 мыңнан астам жедел әрекет ету шараларын ұйымдастырып, 5 мыңға жуық адамға қолұшын созған. Зардап шеккен 400 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген екен.
Заңбұзушылықтар аз емес
– Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің тағы бір міндеті – өрттің алдын алу, – дейді Нұрлан Мадьяров, – Жыл басынан бері бақылауға алынған нысандарда департамент қызметкерлері 2 825 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 9 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталды. Осыған орай 1 920 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Айта кету керек, бақыланатын учаскелердегі өрт фактілері өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 33% -ға азайды.
Сәуір-мамыр айлары аралығында департамент қызметкерлері сауда-саттық және ойын-сауық мекемелеріне тексеру жүргізген. Жалпы саны 97 объектіден 1400-ден астам өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы тіркелді. Бұл аз сан емес.
– Тілсіз жаудан және иіс тиюден мерт болғандардың санын азайту мақсатында біздің облыс республикада бірінші болып мүмкіндіктері шектеулі жандардың және мүгедек балалар тұратын аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың тұрғын үйлеріне арнайы құрылғыларды орнатты. Бұл құрылғы түтін шыққан кезде бірден дыбыс береді. Сондай-ақ әкімдіктермен өрт сөндіру бекеттерін құру бойынша жұмыс күшейтілді. Бүгінгі таңда осы мақсатта Ұлан ауданындағы Саратовка, Привольное ауылдарында, Глубокое ауданының Секисовка ауылында тиісті шаралар жүргізілуде. 2018 жылы Шемонаиха ауданының Рулиха, Выдриха, Волчанка ауылдарында өрт сөндіру бекеттері құрылған, – дейді Нұрлан Әбілбайұлы.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ