Даниал Ахметов: «Неліктен бизнестің ығына жығылып, адамдардың өміріне қауіп төндіруіміз керек?!»

1236
көрілім

Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөлдің жағасын абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын көріп қайту үшін Үржар ауданына іссапармен келді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

ШҚО әкімдігі Алакөлде еңбек ететін кәсіпкерлерге берген уәдесін орындап отыр. Атап айтқанда, Алакөлдің абаттандырылуына 500 миллион теңге, жол жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге бөлінген. Қарқынды жұмыстардың арқасында демалыс базасы халықтың көз алдында гүлденіп келеді. Десе де, кейбір кәсіпкерлер қойылған талапты орындамаған. Нақтырақ айтқанда, 147 базаның тек 19-ы талаптарға сай болып тұр. Тіпті 64 кәсіп иесі жағдайды түзеуді мүлде ұмыт қалдырған.

Облыс әкімі тағы да барлық кәсіпкерлер кемшілікті түземей ешкім де жұмысты бастамайтынын еске салды.

Адамдардың өміріне қауіп төндіретін нысандардың бірде-біреуі биыл ашылмайды. Бұл шектеу демалыстарын көңілді өткізгісі келетін 300 мың адамның өмірі үшін жасалып отырған қадам. Неліктен бизнестің ығына жығылып, адамдардың өміріне қауіп төндіруіміз керек?! Олай болмайды! Егер әлдекім шектеуге қарамай, құжаттарсыз базасын ашатын болса, заңға сәйкес жауап беретін болады, – дейді Даниал Ахметов.

Кәсіпкерлерде әлі де кемшіліктерді түзейтін уақыт бар. 10 маусымда облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы Алакөл жағасын тексеретін болады. Оның құрамында нысандардың жұмысына рұқсат беретін барлық ведомствоның өкілдері болады.