Даниал Ахметов Өскемендегі көпқабатты үйлердің құрылысын сынға алды

599
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі жаңа шағынауданда салынып жатқан үйлердің құрылысын сынға алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Instagram парақшасында жазды.

«Кезекті рет 19 шағынаудандағы жаңа аллеяда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстым. Жоба бойынша Қазыбек би даңғылы жағынан ұзындығы 80 метрді құрайтын саябақта ескерткіш пен әдемі субұрқақ орналасады», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, қараша айында Самар-Алматы бағытындағы тасжолды реконструкциялау жұмысы аяқталады деп күтілуде. Аталған магистраль қаланың орталық бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, Понтон көпірі арқылы Өскеменнің Үлбі бөлігі мен 19 шағынауданды байланыстырмақ. Сонымен қатар келесі жылы Есенберлин даңғылы Жібек жолы мен Сәтпаев көшелерінің қиылысына дейін созылады. Осылайша, облыс орталығының негізгі көлік логистикасы 2021 жылы аяқталып, толық абаттандырылады.

– «Нұрлы жол» жаңа шағын ауданындағы жаңа 16 және 12 қабатты тұрғын үйлердің құрылыс қарқынын тексердім. Өкінішке қарай, мердігер компания жоспарланған 70 мың шаршы метрді мерзімінде пайдалануға бермейді деп ойлаймын. Оны осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстың көлемінен бағалап көруге болады. Қала басшысы Жақсылық Омарға тиісті шаралар қабылдау тапсырылды», - деді облыс әкімі.

Даниал Ахметов қала тұрғындары бұл үйлерді күтіп отырғанын, баспананың несиеге алынғанын жеткізді.