Даниал Ахметов: шенеуніктердің жауапсыздығынан мыңдаған адам зардап шекті

568
көрілім

Аймақ басшысының айтуынша, Күршімдегі өткел мәселесі тасымалдаушылармен дұрыс жасалмаған келісімшарт негізінен туды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Естеріңізге салсақ, осы жылдың тамыз айында Қызылту өткелінде көліктерден тізілген ұзын-сонар кезек адамдарды әбігерге салған еді. Екі паромның орнына тек бір паром ғана жүріп тұрды. Күршім, Зайсан, Көкпекті аудандарының тұрғындары Бұқтырма су қоймасынан өту үшін бірнеше сағаттап ыстық күннің астында тұруға мәжбүр болды.

– «Ертіс» дизель-электроходының сынуына байланысты паром өткелінің жұмыс кестесі бұзылды. Келісімшартты бұзуға өтініш берілді. Қазіргі уақытта сот рәсімдері жүргізілуде, – деді Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Жекешелендіру аясында Қызылту өткелі 2018 жылы жеке кәсіпкердің басқаруына берілген еді. Алайда ШҚО әкімі мәселе ушыққан соң бұл жағдайды сынға алды.

– Сіздер мемлекеттік сатып алу басқармасымен бірге мониторинг пен бақылау жүргізу мүмкін емес шарт жасадыңыздар. Жауапсыздық салдарынан мыңдаған адам зардап шекті. Рейстер жиілігіне мониторинг жүргізілген жоқ, бағаны ешкім бақылаған жоқ. Келісімшарт сағат сайын бақылау болатындай етіп жасалуы тиіс еді. Әлбетте енді басқа амалдың жоқтығынан шартты бұзуға тура келеді. Ал 5-6 сағат бойы кезекте тұрған мыңдаған адамдардың алдында кім жауап береді?, – деді облыс әкімі.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ