Данияр Қайсанов: Әдетте, салмаққа қарамай күресе береміз

429
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Сенбі күні Өскеменде өткен «Ұлы дала батырлары» атты жолдастық кездесуде бозкілемге шыққан жерлесіміз Данияр Қайсанов өз белдесуін қорытындылап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.
Спортшының айтуынша, ашық аспан астында өткізілген осындай шара талай жас палуанның үлкен спортқа деген қызығушылықтарын оятады.
– Алдымен ерекше форматтағы жолдастық кездесулер ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтқым келеді. Өзіміз де серпіліп қалдық. Ал Жігермен өткен кездесуге келсем, ауырлығы байқалды. Салмақ өлшеу рәсімінде 82 келіні көрсетті. Менікі азырақ. Әдетте, салмаққа қарамай күресе береміз. 4-5 келіде тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Оған қоса, ірі жарыстың шешуші белдесуі емес, есеміз кетті дейтін. Бір есептен, мен Жігердің салмағына өттім, яғни 79 келіге. Алда жаттығулар жасап, жолымыз қайта түйісетін (жымиып) шығар. Қазір менің салмағымда бірнеше мықты қарсыласым бар. Айталық, осыған дейін ел чемпионатының финалында Нұрғожа Қайпановқа жеңілдім, өте тәжірибелі спортшы. Сосын Самар ауданының тумасы Шыңғыс Мұхаметқалиев бауырымды айта кетуге болады. Жас болса да, жыл санап бабына еніп келеді. Болашағынан зор үміт күттіретін палуан. Жалпы, осы екі бауырымды ерекше атап өтер едім. Жарты жылдан кейін ел чемпионаты өтеді. Яғни, аз уақыттан соң алдағы Олимпиадада ел намысын кім қорғайды деген сауалға жауап іздей бастайды біртіндеп. Ішкі чемпионатқа тыңғылықты әзірлік жүргізу керек. Себебі, ол додада оза шапқаны кейін лицензиялық Әлем чемпионатына жол тартады. Жарақатымнан емделіп, қазір қатарға қосылып келемін. Бел жағы мазалаған еді. Қазірше беті қайтқандай, десе де сақтанып, қажет болса ем-домын уақтылы жасау керек. Осы шара үшін Ұлттық құрамадан екі күнге сұрандық. Қыркүйек айының ортасында Сербияда күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтеді, палуандарымыз соған дайындалып жатыр. Оқу-жаттығу жиынына қайта қосылып, соларға қолдау білдіруіміз керек, – деді Данияр Қайсанов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ