Данияр Қайсановты Семейде қарсы алды

389
көрілім

Кеше еркін күрестен Азияның екі дүркін чемпионы, жерлесіміз Данияр Қайсановты жанкүйерлері мен жақындары Семейде зор қошеметпен қарсы алды, деп хабалайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен ата-анасы, оның ішінде Даниярдың әкесі Әлібек Нүкенов екі мәрте құрлық көлемінде өзін мойындатқан ұлына жылы лебізін білдірсе, жеке бапкері Мейірбек Байжанов та қуанышын көппен бөлісті. Семей спорт академиясының талантты палуандары мен күрессүйер қауым да ақжарма тілектерін білдіріп, чемпионмен суретке түсуге асықты.

Қалың нөпірмен қал сұрасып, жандарын шүберекке түйген жанкүйерлерімен жолыққан спортшы алдағы додаларға, оның ішінде Токио төрінде жалауын көтеретін Олимпиада ойындарына әзірлікті жалғастыратынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, көкпектілік палуан Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатының финалында шешуші сында бозкілем қожайыны Джитендер Джитендерді 3:1 есебімен ұтып, 74 келіге дейінгі дәрежеде топ жарған болатын.

Әділхан ЕСІМХАНОВ