Дәрілердің бағасы неге әр түрлі?

393
көрілім

Маған дәріханаларды кім, қалай тексеретіні қызық. Жақында дәрігер қызыма ашық артериялық түтік (ААТ) диагнозын қойды. Бізге 2 ай бойы қабылдайтын дәрі жазып, тапсырыс беретін жердің нөмірін берді. Мен ол нөмірге хабарласып, WhatsApp арқылы дәрінің атауын жазып жібердім. Олар есептеп, 9 600 теңге болатынын айтты. Мен салыстырып көру үшін басқа дәріханаға хабарласып, бағасын сұрап едім, олар 2 270 теңге екенін айтты. Бір дәрінің бағасы екі дәріханада жер мен көктей. Не үшін олай? Тіпті жеке меншік дәріханалар 20%-дан артық қоспайды. Мен бұған таң қалып отырмын.

Ерғали, тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі жауап берді:

– Біздің департаментке арызданған жағдайда шағым жасалған дәріхананы хабардар етуіміз керек. Содан соң 2 аптадан кейін барып тексере аламыз. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанына байланысты шағымға қатысты тексеру тәртібі осындай. Тағы бір айта кететін жайт, интернетте және ұялы телефондарда portal.dari.kz деген қосымша бар. Ол жерде барлық дәрі-дәрмектің атауы мен қай дәріханада қанша теңгеден сатылып тұрғаны, ең көп дегенде қанша теңгеге сатылатыны туралы мәлімет бар. Бұл кісі шағымданған дәріханаға барып, осы қосымшаны ашу арқылы дәрінің бағасын көрсетіп, «Міне, мына жерде ең көп дегенде осынша теңгеге сатылатыны жазылған, сіздер неге бірнеше есе көп бағаға сатасыздар?» деген сұрақ қоюына болады.