Диагнозы – А классындағы бауыр циррозы. Сәбидің анасы халықтан көмек сұрауда

728
көрілім

Өскемендік бүлдіршінге емделу үшін қомақты қаржы керек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ханшайым есімді жеті айлық бүлдіршін А классындағы бауыр циррозы ауруына шалдыққан. Анасы Жұпар Ақашеваның айтуынша, қызының дем алысы күннен күнге нашарлап барады. Бөбекте өмір есігін ашқаннан бері өт жолдары болмаған.
– Үш айлық кезінде ота жасалып, хирургтер өт жолдарын қолдан жасады. Яғни бауыры мен ішекті жалғап тікті. Осыдан соң баламның іші өсіп, тамырлары шығып кетті. Жалғыз ем – тез арада ота жасап, бауырын ауыстыру керек, – деді анасы.
Сәбидің ата-анасы мен жақындары қазіргі уақытта донор іздеп жатыр. Ал табылмаса шет елге шығу қажет. Жан-жақтан азды-кем ақша түсіп жатқанымен қаражат әлі де жеткіліксіз. Ем үшін қажет сома – 7 млн теңге шамасында.
Жұпар мен сәбиі қазір «Ана мен бала» орталығында ем алып жатыр. Екінші ота жасатуға әзірлік үстінде. Бір айта кетерлігі, донор табылған жағдайда төрт кезеңнен өтуі тиіс.  Оның барлығы ақылы.
– Екінші кезеңге 200-300 мың теңге көлемінде қаражат кетеді. Бұған екінші қан тобы бар донор керек. Елімізде ешқандай ем-дом жасалмаса Белоруссияға баруға тура келеді, – деді Жұпар Мұхаметханқызы.
Қазіргі уақытқа дейін аталған соманың тек 1 млн 121 мың 500 теңгеден астамы ғана жиналды. Көмек қолын созғысы келгендер 8-707-531-41-56 (Акаш С.) нөміріне хабарласып, мүмкін болса ақша салуларына болады.