Ділдәбек Оразбаев Аягөз ауданында атқарылатын ауқымды істер жайлы айтып берді

2410
көрілім


Аягөз ауданына жаңа басшы тағайындалғанына шамамен 100 күн болды. Жаңа әкім «100 күнде қандай істер атқарды, болашаққа жоспарлары қандай?» деген сұрақтар мазалап Ділдәбек Оразбаевтан арнайы сұхбат алдық. Аягөз тарихтан да, экономикалық дамудан да, әсемдіктен де кенде емес. Десе де, орын алатын олқылық қашан да бар. Ауылды қалаға айналдыра алатын әкімнің алдағы жоспарларымен сіздермен бөліспекпіз.

? - Қайырлы күн, құрметті Ділдәбек Тәжібайұлы! Бүгін Аягөз ауданына басшы болып келгеніңізге 100 күн. Айтулы істердің басын қайыру ертерек. Десе де аз уақытта атқарылған істерге, болашаққа деген жоспарларға тоқталсақ.

- Қайырлы күн! Әлбетте 100 күнде көп нәрсені шешу мүмкін емес. Менің ойымша, бір әкімге ауданды көркейту үшін біраз уақыт керек. Басқарып отырған мекенде атқарылған жұмыстың жартысы кемінде 2-3 жылда көрінеді. Ал 80-90 пайыз жұмыс істеу үшін кемі 5 жыл уақыт керек деп есептеймін. Бірақ 100 күн ауданды сараптап, онда қандай мәселелер бар, қай сұрақты бірінші орынға қою керек екендігін шешуге толық жеткілікті деп есептеймін.

? - Әңгімеміздің әлқиссасын руханияттан бастасақ. Көпшілік жақсы біледі, сіз басқарып отырған жылдары Ырғызбай Досқанаұлы кесенесінің маңы абаттандырылып, Тарбағатай ауданының өзіндік брендіне айналды. Жыл сайын абыз ақсақалдың атына түрлі додалар өтеді. Аягөз де тарихқа бай жер. Махаббаттың отаны. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқармақсыз?

- Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Аягөз тарихқа бай жер. Киелі өлке. Сөз бастаған ақындардың, қол бастаған батырлардың мекені. Қай қырынан аламын десе де брендке айналдыруға болады. Бірақ Қазақстанның сакралды географиясының картасына енген «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесінің орны бір бөлек. Бұл күллі түркі елінің махаббат эталоны. Осы киелі жерді абаттандыру жұмыстарын қолға алмақпыз. Қазір бір құдық қаздырып қойдық. Келер жылы қаржы бөліп, балансқа алу бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сол жерге жарық тартып, қонақ үй сынды, әлде шырақшының үйі сияқты нысан салдырмақпыз. Киелі жерді көруге келгендер емін-еркін демалып, мал сойып, сол жерге барлық жағдай жасаймыз. Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдаған едік. Жауабын алдық. Келесі жылы осы мәселе төңірегінде де бірқатар істің басы қайырылады. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кесенесі, Қозы мен Баян дегенде Аягөз еске түсуі керек деп ойлаймын. Бұл өлкені толығымен абаттандырып, ойлаған істерімізді жүзеге асырған соң түрлі деңгейдегі шараларды ұйымдастыратын боламыз.

? - Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды үнемі оқып отырамыз. Сонда байқағанымыз, Аягөз ауданында күрделі болып, қанша жыл бір шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – ауызсуды қолға алған екенсіз. Сол мәселенің басын ашып айтып берсеңіз.

- Иә, әлеуметтік желі менің көп ісіме демеу. Күніне 15 минутымды осы желілерді қарауға арнаймын. Онда халық пікірін жазады. Соның ішінен қай мәселе өткір, соны алып шығып тиісті тапсырмалар беремін. Қазір өзекті мәселенің бірі ауызсу болып тұр. Бір сәтте 152 қабылдау өткіздім. Соның 70 пайызы ауызсу мәселесімен келген екен. Ауызсу мәселесін түнде жатсам да «халықтан ұят болады-ау» деп ойланамын. Халықта бір қолайсыздық туса ол тікелей маған байланысты деп ойлаймын. Себебі әкім аудандағы қандай іске болмасын жауапты. Қазір Аягөз қаласы бойынша 38 көшеде су жоқ. Бұл көшелерге су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеп, облысқа өткіздік. Келер жылы бұл көшелерге су тартылатын болады. Оның сыртынан тағы да сараптама жасатып жатырмын. Бәлкім қалып кеткен үйлер бар шығар. Мүмкін Аягөзде суы жоқ 38 емес, 45 көше бар болуы мүмкін. Осы мәселені толық зерттеп, су жетпей қалған үйлерді анықтау жұмыстарын жүргізудеміз. Жоғарыда аталған 38 көшеден бөлек, тағы да су жетпей қалған көшелер анықталатын болса оларға да келер жылы жергілікті бюджет есебінен су тартып береміз. Жалпы 2 жыл ішінде Аягөз қаласындағы су мәселесі түбегейлі шешіледі.

Біраз уақыт бұрын көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы бөлігіне су көтерілмей үлкен мәселе туындаған. «Неге бұлай?» деп мәселені шешу үшін арнайы мамандар шақырттық. Шымкент қаласын білесіздер, миллиондаған тұрғыны бар. Осы жерде су жөнінде мәселе туындаған емес. Тіпті алыс-жақын шетелдіктер де Шымкенттің тәжірибесін өзіне алуда. Сол жақтағы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нен маман шақыртып, қазір Аягөздің су картасы жасалып жатыр. Қазір қалада суға есеп жоқ. Қанша куб су шығып жатыр, қаншасы қолданылып жатқаны белгісіз. Осының бәрін бір есепке алатын боламыз. Бұл су қорын 30 процентке дейін үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесіне насос қою жоспарда бар. Жаңағы насос келіп тұрған суды кедергісіз жоғарғы қабатқа көтеруге көмек береді. Сондай-ақ әр үйдегі су есептегіш құрылғыны жертөлеге түсіртеміз. Бұл суды есепке алуға өзіндік септігін тигізеді. Аталмыш жұмыстарды бір демде жасай саламыз деп жалған айтпаймын. Бәрін біртіндеп, алдымен бір үйде, одан екінші үйді қолға алатын боламыз. Қазір қалада су мәселесі бір қалыпқа келді.

? - Әлеуметтік желіде халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, үнемі байланыста болатыныңызды байқадық. Халықтың қалауымен Кіші Аягөз өзені бойына көпір орнатқан екенсіз. Осы тектес жұмыстар жалғаса ма?

- Әрине, осымен жұмыс тоқтап қалмайды. Жалпы, Аягөз ауданына жыл соңына дейін 11 көпір орнату жоспарда бар. Оның ішінде екеуі автокөліктерге арналған көпір Кіші Аягөз өзеніне орнатылады. Қалғаны жаяу жүргіншілерге арналмақ. Жаяу жүргіншілер көпірінің 4-і Мамырсу ауылдық округіне, қалған 5-і Кіші Аягөз өзені бойына орнатылады. Қазіргі таңда кіші Аягөз өзені бойына 2 жаяу жүргіншілер көпірі орнатылды.


 

? - Өткен жылы жылу мәселесі күллі елді дүр сілкіндірген болатын. Жылу мәселесі бойынша қандай жұмыс атқарылатын болады?

- Қазір Орталық жылу қазандығын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде жылу қазандығын ауыстыру қажет. Сол себепті Щучье қаласына жұмыс сапарымен барған болатынмын. Бұл қалада еліміз бойынша ең ірі металл жылу қазандығын дайындайтын зауыт бар. Осы жерге 3 жылу қазандығына тапсырыс берген болатынмын. Қазір 1 қазандық келді. Тамыз айында тағы да 2 қазандық келеді. Бұл жұмыстар 20 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады. Жалпы, қаладағы барлық жылу қазандықтарын қатаң бақылауға алатын боламыз.

? - Қаладағы тазалық мәселесі де назарыңыздан тыс қалмағанын білеміз. Жалпы, тазалық пен абаттандыруға ерекше көңіл бөлетін басшылардың бірісіз. Аягөзде тазалық мәселесі де күнтізбеден түспеген тақырыптардың бірі десек артық айтқандық емес. Бұл төңіректе жүргізілген жұмыстар жайлы сөз қозғасақ.

- Қазір қалада тазалықпен айналысатын бір мердігер бар. Бұл мекемемен халықты келісімшартқа отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Халық та мердігермен келісімшартқа отырмаса, олардың да қоқысты тазаламайтынын түсінуі керек. Сонымен қатар бір ғана мекеме үлкен қаланы тазалап үлгермейді. Әрі бәсеке болу үшін тағы бір мердігер мекемемен жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Қаланы абаттандыруға келер болсақ, көпқабатты үйлердің алдын абаттандыру жұмыстарын эскизді байқау арқылы жүргізуді келер жылға жоспарлап отырмыз. Қай үйдің алдына асфальт төсеу керек, қай үйге гүл отырғызса болады деген сияқты сұрақтарды саралап барып жұмыс жүргіземіз. Бір үйге барлық жағдай жасап қоямыз деп айта алмаймын. Әр үйдің алдын біртіндеп ретке келтіреміз. Сонымен қатар үйлердің төбелерін жөндеуге мүмкіндік беретін жаңа заң шықса, бірқатар көпқабатты үйлердің төбесін жөндеуді де жоспарлап отырмыз. Қазір мемлекет бюджетінен көпқабатты үйлердің шатырын жөндей алмаймыз. Арнайы заңның шыққанын күтуіміз қажет.

? - Ауылшаруашылық саласына ойыссақ. Тарбағатай ауданында мал басын көбейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесіңізді қосқаныңызды білеміз. Бұл салада Аягөз ауданында қандай жұмыстар жүргізіледі?

- Қазір ауыл шаруашылық саласында шаруа қожалықтарына құдық қазу, жасыл энергетиканы пайдалану бойынша жұмыстар атқарылуда. Күн энергиясынан қуат алатын панельдер орнатылуда. Мені қынжылтатыны, Аягөз өңірінің бұл салада 4-5 орындарда келе жатқаны. Неге ауыл шаруашылық саласында 1-орынға шықпасқа?! Қазір мемлекеттің беріп отырған көптеген мүмкіндіктері бар. Әсіресе, ауылшаруашылық саласында. Техника алуға да мал санын өсіру үшін де оны асылдандыруға да көп көңіл бөлінуде. Мұны халық пайдалана білу керек. Біздің алдынғы қатарда тұрмағанымыз халық қандай мүмкіндіктер бар екендігінен бейхабар деген сөз. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру үшін арнайы ақпараттық топ құрдым. Олар әр ауылдық округке барып, мемлекеттік бағдарламалар жайлы түсіндіріп өтті. Енді мұндай жұмыстарды әр тоқсан сайын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мал бордақылайтын алаңдарды көбейту керек. Бұл халықтың ауқатының көтерілуіне жол ашады деп ойлаймын.

? - Халықтың әл-ауқаты жөнінде сөз қозғалған соң айту орынды деп ойлаймыз. Аягөзде бағаны тұрақтандыру үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырғаныңызды оқып қалдық. Бұл жәрмеңкенің өзгелерден ерекшелігі бар ма?

- Мен Аягөз ауданына қызметке келгенде базарда еттің бағасы 2000 теңгеге шарықтап кетті. Сөзсіз бұл тұрғындардың қалтасын қағатынына күмән жоқ. Сол себепті бағаны тұрақтандыру үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастыруды жөн деп таптық. Мен базарды аралап «сен неге еттің бағасын қымбатқа көтересің?» деп айта алмаймын ғой. Ондай істен нәтиже болмайды. Сондықтан біз өзіміз жәрмеңке ұйымдастырып, бағаны түсірдік. Өзім барып ылғи қарап отырамын. Сонда жәрмеңкенің тұтынушылары қарапайым халық. Байлар барып ол жерден алмайды. Базарда қалай? Ол жерде делдалдар көп. Жаңағы айтып жатқан етті базарға бір шаруа 1400-ден кіргізеді. Ал ол жерде тұрған адам оның үстінен ақша қосып 2000 теңгеге сатады. Еңбектің барлығы шаруада жатыр. Қанша уақыт ол малды баптайды, жем-шөбі бар дегендей. Сол себепті, жәрмеңкеде тек ауыл шаруалары ғана өз тауарларын саудалайтындай тапсырма бердім. Мысалы қазір жәрмеңкеде қой еті - 1400, ірі қара еті - 1500 теңге, жылқы еті - 1600 теңгеден аспайтын бағада сатылымға шықты. Еттен бөлек, сүт өнімдері, картоп, пияз сынды тауарлар да бар. Есеппен қараса, бұл шамамен отбасылық бюджеттің 30-40 процентін үнемдейді екен. Енді алдағы апталарда кеңсе заттарын да жәрмеңкеге шығару жоспарда бар. Бір баланы мектепке дайындаудың өзі күш. Сол себепті базардағы бағадан сәл арзандау етіп дәптер, қалам, қарындаш сынды заттарды, мектепке қажет киімдерді сатылымға шығаруды тапсырдым. Қазір «Мектепке - жол» акциясы бастау алды. «Әр қазақ менің жалғызым» деп өткен елміз, «жесірін қалдырмаған, жетімін жылатпаған» текті ұлтпыз ғой. Бір балдырған мектепке дайын болмаса бізге сын. Сондықтан күйіміз жеткенше бір балаға болса да қажетті заттарын алып беруге шақырамын.

Бірқатар ауқымды істерді жүзеге асырмақ екенсіз. 100 күн аз болса да, бірқатар ауқымды істі бастап та кетіпсіз. Алдағы уақытта жұмысыңызға жеміс, толағай табыстар тілеймін. Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!