"Дипломмен - ауылға!" бағдарламасымен ауыл-аймаққа тартылған жас маманға көтерме қаржысы қандай тәртіпте беріледі?

331
көрілім

Өткен аптада газет редакциясына қоңырау шалған оқырмандарымыздың бірі ветеринария мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, "Дипломмен - ауылға!" бағдарламасымен ауылды жерге жұмысқа келген баласына көтермелеу ақысының берілмей жатқанын айтқан еді. Себеп — баласының мемлекеттік емес, жартылай қазыналық мекемеге жұмысқа орналасуы көрінеді. Бүгінгі таңда бұл мәселемен бетпе-бет келіп жатқан жан жалғыз бұл оқырманымыз ғана емес. Жалпы, жаңадан оқуын тәмамдап, аталмыш бағдарлама бойынша ауыл-аймаққа тартылған жас маманға көтермелеу ақысы қанша көлемде беріледі? Оның берілу тәртібі қандай? Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Осы және басқа сауалдарға жауап іздеген газет тілшісі құзырлы органдарға хабарласып көрген еді.

 

Негізгі талап

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев "Дипломмен - ауылға!" бағдарламасының денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз ететінін айтады. Ауыл шаруашылығы министрінің қаулысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен мамандары қатарына агроном, мал дәрігері, ветеринариялық фельдшер, ветеринариялық техник, зоотехник, инженер-технолог, балық өсіруші, технолог, фермер сынды мамандықтар енгізілген.

- Бағдарламаға оқу орнын бітірген жас мамандар бес жылдан кем емес мерзімге тіршілік құру және жұмыс істеу үшін ауылға келген еңбек өтілі бар мамандар қатыса алады, - дейді облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев. - Жоба аясында 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,01 пайыз мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар.

 

Нақты сала көзделмеген

Жауапты тұлғаның айтуынша, әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.

- "Дипломмен - ауылға!" жобасы "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы заңының 18-бабы, 8-тармағын орындау мақсатында іске асырылуда. Жобада жергілікті өкілдік органдардың шешімі бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету көзделген. Жобада қандай кәсіпорында жұмыс істеуі туралы айтылмаған, - дейді Айдар Серікқазыұлы.

 

***

 

Қоса кетсек, өткен жылы өңірімізде "Дипломмен - ауылға!" жобасы бойынша мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 314 маманға 1 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. Бюджеттік несие алған мамандардың 182-сі білім беру, 90 адам - денсаулық сақтау, 13 маман - мәдениет, 12 адам - агроөнеркәсіптік, 11 адам - спорт, ал 6 адам - әлеуметтік қамсыздандыру саласына жұмысқа келген.

Бұдан бөлек, 384 маманға 64,6 миллион теңге көлемінде көтермелеу ақысы берілді. Олардың 232-сі - білім беру, 112-сі - денсаулық сақтау, 14-і - ветеринария, 11-і - спорт, 8-і - мәдениет саласына келсе, 7 жас маман әлеуметтік қамсыздандыру саласына жұмысқа кірді.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосурет: ашық дереккөз