Донор болуға шақырды

213
көрілім

Шығысқазақстандық дәрігерлер COVID-19 инфекциясынан емделіп шыққан өңір тұрғындарын иммундық плазма доноры болуға шақырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Вирустан жазылған адамдардың плазмасын науқастарға құю арқылы иммундық жүйені нығайтуға болады. Бұл зертханалық және клиникалық тұрғыдан дәлелденген.

– COVID-19 инфекциясымен ауырғандардың иммундық плазмасы пациенттерге жұқпалы дертпен күресуге көмектеседі. Қан құрамында антиденесі бар бір адам, кем дегенде жағдайы ауыр екі науқастың өмірін сақтап қала алады. Аппараттық плазмаферезді тапсыру қауіпсіз. Ешқандай ауырсыну да сезілмейді, – деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

КВИ-дің орташа және ауыр түрімен ауырып, одан сауығып шыққан кез келген кәмелеттік жасқа толған адам донор бола алады. Ең бастысы, аурудан айыққанына кем дегенде екі апта өтсе болғаны. Плазма тапсырып, дәрігерлерге көмек көрсету үшін жергілікті мекенжай бойынша ОДА-ға барып, антиденеге тест тапсыру керек.

– Бұдан соң облыстық қан орталығына барып, емханалық-биохимиялық көрсеткіш пен қан тобыңызды анықтауыңыз қажет. Егер сараптама қорытындысы оң болса, плазма тапсыруға жібереді. Аталмыш процедура үшін 7 АЕК немесе 19446 теңге төленеді. Коронавируспен ауырған науқастарға қолұшын бергісі келетін жандар облыстық Қан орталығына: 8(7232)70 38 38 немесе 87057520964 телефон нөмірлері бойынша хабарласа алады, – делінген мәліметте.