Дзюдошылар дайындықтарын үзбеуде

846
көрілім

Айналып келгенде барлық мәселенің басы елдегі тамызға дейін созылған карантин талаптарынан басталуда. Спортшыларға да жаттығуларын алаңсыз жалғастыруға көзге көрінбейтін бөгесін тұр. Әйтпесе маусым айында өткен оқу-жаттығу жиындарында-ақ әзірлік жүргізуге әрбірі құлшынып тұрған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бастысы татами шеберлі жұқпалы вирустан дін аман. Қазіргі уақытта барлығы үй-үйлерінде, жақындарының жанында, мүмкіндіктеріне қарай жаттығуларын жалғастыруда. Қанша жерден құрама үздігі болса да жекелей әзірлікті үзбеу оңай іс емес. Бұл ретте ерлер құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов кестеге сәйкес жаттығу түрлерін әзірлеген. Бұған қоса команда дәрігері әр спортшының жағдайын қашықтан қадағалап отырады.

– Спортшылар үйлерінде жүріп түрлі жаттығулар жасауда. Дәрігер күнделікті жағдайларын бақылап, қатаң тексеріс жасап отырады. Дене қызуын тексеріп, дзюдошылардың жеке бапкерлерімен қоян-қолтық ақпарат алмасып отырады. Осы ретте құрама дәрігерін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қолдан келген көмегін аямай, жұмысына атүсті қараған емес. Оқу-жаттығу жиындары тоқтатылғанымен спортшылар жаттығуларын үзген жоқ. Қауіпсіздік шараларын сақтап, әрқайсысы бабын жоғалтпауға тырысуда, – деді бас бапкер.