Екі дүркін «Әлем барысы»

444
көрілім

Абай ауданының тумасы Айбек Нұғымаров Алматы қаласында өткен «Әлем барысы-2018» чемпионатында қарсыластарын тізе бүктіріп, бас жүлдені жеңіп алды.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен «Әлем барысы-2018» чемпионатына әлемнің түкпір-түкпірінен 33 палуан қатысты. Оның ішінде ел намысын 5 спортшы қорғады.

Финалдық бәсекеде Қазақстанның екі палуаны - Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров кездесті. Белдесу 4 минутқа созылды. Алғашқы минутта Айбек ескерту алып, Ерсұлтанның еншісіне бір ұпай жазылды. Мұзафаров екінші минутта әдіс жасап, ұпайын еселей түсті. Бірақ, үшінші минуттың ортасына қарай Айбек есепті теңестіруге жақындап, тартыс қыза түсті. Ақыры, Нұғымаров төртінші минутта таза жеңіп, жеңісті қолдан жұлып алды.

Айта кету керек, 31 жастағы Айбек Нұғмаровтың спорттағы жетістіктері: «Қазақстан барысы» (2013), «Әлем барысы» (2017), қазақ күресінен 4 дүркін Әлем чемпионы (2010, 2013, 2014, 2016), қазақ күресінен 4 дүркін Азия чемпионы (2008, 2009, 2014, 2018), «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ