Екі жылды қорытындылады

231
көрілім

Жуықта «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы есеп беру конференциясын өткізді. Жиын барысында соңғы 2 жылда атқарылған жұмыстардың жай-күйі мен алдағы жоспарлардың бүге-шүгесі талқыланды. Конференцияға облыс әкімі Даниал Ахметов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов қатысты.

Соңғы 2 жылдың ішінде өңіріміздегі нұротаншылар саны екі мыңға өсіп, 79 134 адамға жеткен. Бұл экономикалық белсенді халықтың 11%-ын құрайды. Алайда ішкі тәртіпті бұзып, партияның ар-намыс кодексін аттаған адамдар да болыпты. 2 жылда осындай 12 адам партия қатарынан шығарылған екен.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратында өткен «Нұр Отан» партиясының есеп беру конференциясының шымылдығын облыс әкімі Даниал Ахметов өз сөзімен ашты:

– Партияның облыстық филиалы өзіне жүктелген барлық міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Өңіріміздегі негізгі салалардың бірі – денсаулық сақтау. Осы саланы дамыту үшін іске асырылып жатқан шаралар аз емес. Жыл сайын дәрігерлеріміздің біліктілігі халықаралық деңгейге жетуі үшін оларды шетел асырып оқытудамыз. Өңіріміздегі медициналық мекемелерге заманауи жабдықтар да әкелінуде. Сонымен қатар, республика мектептеріндегі 700 IT cыныптардың 270-і біздің облыста ашылды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, – дейді аймақ басшысы.

Жалпы партияның жұмысы 20 жобаны іске асыруға бағытталған. Соның бірі болған «Ағылшын тілін оқыту» жобасы аясында 500-ден астам баланы қамтитын 20 балалар жазғы лагерьлері жұмыс істеді. Сондай-ақ 16 ауылдық тегін ағылшын тілі клубтары ашылды.

– 2016 жылдан бері облыс үш тілде білім беруді енгізу үшін ірі жобаны жүзеге асыруда. Осы бағытта екі жыл ішінде жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге жұмылдырылған. Өңірдегі барлық мектептер үшін 450 мың жаңа оқулықтар сатып алынып, 5800 мұғалім біліктілігін арттырды. Биылғы жылы алғаш рет 200 пән мұғалімі ағылшын тілінен қосымша дәріс алуда, – дейді Даниал Кенжетайұлы.

Бұдан бөлек, 20 қыркүйекте «English for Jastar» жобасы бастау алды. Соның аясында шетелден келген мамандар Аягөз, Зайсан, Катонқарағай, Зырян және Бородулиха аудандарында жастарға ағылшын тілін үйретуде.

Айта кету керек, 2 жылдың ішінде «Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы 5 мыңнан астам қоғамдық қабылдау жүргізген. Нәтижесінде 10 мыңнан астам адам өз бұйымтайларымен партияға жүгініпті. Оңды шешілген мәселелердің үлесі 2017 жылы – 37%, ағымдағы жылдың 10 айында – 42% құрады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ