Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездесті. Кездесу барысында Елбасыға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді, деп хабарлайды газет тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
- Өңірлік жалпы өнім 104 пайызға ұлғайды. Өндіріс қарқыны 118 пайызды, ауыл шаруашылығы — 107 пайызға көтерілді. Барлық көрсеткіштерге қол жеткізілуде, - деп хабарлады облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар Даниал Кенжетайұлы ел Президентін тұрғындарды медициналық қызметпен қамту сапасын жоғарлату барысында атқарылып жатқан жұмыстармен хабардар етті.
- 2015 жылы денсаулық сақтаудың төрт саласының құрылғылармен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізілген болатын. Олар онкология, кардиология, ана мен бала денсаулығы және травматология салалары болды. Мұнымен қатар дәрігерлерді үш сатыда даярлау қолға алынды. Оның ішінде дәрігерлерді Семей қаласындағы мемлекеттік медициналық университетте оқыту, шеберлік сағаттарын өткізу және шетелде оқыту кіреді. Біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз, - деді өңір басшысы.
Кездесу соңында Елбасы облыс әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ